RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО-дағы сүт зауыттарына шикізат жетіспейді

25.03.2026, 19:19 41

Шығыс Қазақстандағы сүт өнімдерін өндіретін зауыттарда шикізат тапшы.

Өңірде жұмыс істеп тұрған сүт фермалары сұранысты қанағаттандыра алмайды. Жергілікті кәсіпорындар қажетті тауарды кейде өзге өңірден тіпті көрші мемлекеттен сатып алуға мәжбүр. Бұның соңы сүт өндірісін мүлдем тұралатып тастауы мүмкін, дейді сарапшылар. Ал сүтті мал өсіру көп қаржы мен уақытты талап етеді. Сондықтан көп адам тәуекел ете бермейді. Саланы тығырықтан шығару үшін қандай амал қарастырылып жатыр?

Шығыс Қазақстанда ұсақ мекемелерді айтпағанда сүт өнімдерін өндірумен айналысатын үш ірі зауыт бар. Алайда олар толық жұмыс қуатына көше алмай отыр. Өйткені шикізат аз. Асқар Сайлаубаев  сүт өндірісіндегі  өзекті мәселемен жақсы таныс. Айтуынша, қазір жетпеген тауарды кейде өзге өңірден, тіпті  көрші мемлекеттен тасымалдауға тура келеді. олай болмаған күнде сыртқы нарыққа төтеп беру екіталай,- дейді ол.

Асқар Сайлаубаев, сүт зауытының директоры:

- Зауыттар әрі кетсе, 70-80 процент жүктемемен ғана жұмыс істеп тұр. Бұл үлкен шығынға әкеледі.Кейде шикізатты алыс аймақтардан сатып әкелеміз.Осылайша тапшылықты қолдан жасап отырғандай көрініп қаламыз. Сондықтан өз аймағымызда  сүт фермалары санын арттыру керек. 

Өлкеде 33 сүт-тауарлы ферма бар. Ал жаңадан мұндай  бағыттағы шаруашылықты ашу оңай емес. Мол қаражатты, ұзақ уақытты талап етеді. Сол себепті сала өкілдері «Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін» кеңінен енгізуге кірісті. Ол бойынша сүт фермасын ашам деген кәсіпкерге он жылға 2,5 проценттік несие беріледі. Осы мемлекеттік демеу арқасында жақында Алтай ауданында  сүтті бағыттағы 1075 басқа арналған ферма жұмысын бастады.

Ержан Нұрбаев, сүт фермасының жетекшісі:

- Мемлекет көмегі болмаса  оны жалғыз жекеменшік күшімен жасауға қиын, сол үшін қазір мемлекет жасап отырған,беріп отырған несиесі өте ыңғайлы да.Бәріне  қазіргі жағдайда ауылшаруашылығын айналыастын кәсіпкерлер осы көмекті пайдалану керек те.Осындай сүт тауарлы ферма салуға міндет ретінде салу керек. 

Мекеме толық автоматтандырылған. Жылына алты мың тонна сүт өндіруді межелеп отыр. Қызметі сандық технологияға негізделгенімен әр бұзаудың күтіміне ерекше мән берілген.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Бұл бұзаулар енесін ембейді. Бірден ажыратылып жайлы әрі жарық жерге жайғастырылады. Ең алдымен, бірнеше күн бойы уыз беріледі. Әбден аяқтанған соң ғана ортақ торға шығарылады. 

Елдің солтүстігінде жақсы нәтиже берген арнайы жоба ел шығысында да сүт өндірісін серпілтеді, дейді мамандар.

Аслан Смағұлов, "Ертіс ӘКК" департамент директоры:

- Осы бағдарлама аясында өңірдегі шаруашылықты дамытуға 17 миллиард теңге құйылды. Соның жетеуі сүт-тауарлы фермаларын дамытуға бағытталған. Оның алтауы сәтті іске асты, ал біреуін биылға жоспарлап отырмыз. 

Болашақта мемлекеттің көмегімен тағы он жобаны іске асыру көзделіп отыр. Демек, алдағы жылдары сүт зауыттары шикізаттан қысылмай, толық қуатқа көшуі де мүмкін. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz