Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 27 млрд доллардан асты.
Мақсат оны 30 млрд долларға жеткізу. Сан саладағы осы берік байланыс одан әрі қарқын ала түспек. Бүгін қос тараптың Үкімет басшылары елордада кездесті. Екі жақты келіссөзде ынтықмақтастықты тереңдетудің жолдары қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттер басшыларының бірлескен күш жігерінің арқасында қазақ - ресей қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілгенін жеткізді. Елге жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин қазақстандықтарды референдумның нәтижелі өтуімен құттықтады. Тараптар сауда-экономикалық байланыстан бастап өнеркәсіп, энергетика, көлік салалары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады. Бүгінде Ресей Қазақстан экономикасына қомақты қаржы салған көшбасшы елдер қатарында. Былтыр көршімізден 2,1 млрд доллар инвестиция тартылды.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Бүгінгі кездесуде сауда-экономикалық мәселелерді талқыладық. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы тауар айналымы 27,4 млрд долларға жетті. Бірақ біздің алдымызға қойылған негізгі мақсат 30 млрд доллар. Қандай нақты шаралар, қандай салаларда ынтымақтастықты дамытуымыз керек осы мәселелерді талқыладық. Оның ішінде энергетика, сауда, транспорт және де басқа мәселер бойынша Үкіметаралық комиссияның шеңберінде жан-жақтанқарап шықтық.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Болашақта біздің жоспарымыз екі ел арасындағы барлық қатынастар тауар тасымалдау кезінде барлық құжаттар электронды форматқа ауыстырылуы тиіс. Сол бойынша техникалық сұрақтар қарастырылып жатыр. Екі ел арасындағы шекара бекеттерінде жаңғырту жұмыстары жүргізідіп жатыр. 30 бекет заманауи талаптарға сай болады. Соның арқасында өткізу пунктарының жолдары кеңейтіледі. Және де жаңа техникалық құралдар осы тексеру процесстерін жеңілдететін болады.
Келіссөз барысында экологиялық мәселелерге де назар аударылды. Қазақстан Каспий теңізінің экожүйесін сақтау және табиғатты қорғау бастамаларын қолдайды. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Каспийдің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама жобасы әзірленіп жатыр. Кездесу нәтижесінде делегациялар арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейіл екенін растады.
Тегтер #Қазақстан #Ресей #ынтымақтастық #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz