Автосалондар бірер жыл бұрынғыдан әлдеқайда төмен баға ұсынады. Бұл нарықтағы бәсеке ме, әлде басқа себеп пе?
Ең бастысы отандық көліктер арзандайды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі елде құрастырылатын техника көбейіп жатқанын айтады. Жаңа маркалар, әрине, бәсекені күшейтетіні анық. Демек, нарықта баға төмендейді. Отандық көлік қана емес, дилерлер сырттан келетін темір тұлпарлардың да құны түскенін айтады.
Автонесиелеу үлесі артты
Қалай дегенмен, темір тұлпарды тақымға басқандар көбейді. Елде автонесиелеу ипотека нарығымен теңескен. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы былтыр көлік алу үшін берілген несие көлемі 29,8 пайыз өскенін мәлімдеді. Сөйтіп 2 жарым трлн теңгеге жуықтаған. Сатып алынған көліктің 80 пайыздайына несие рәсімделді.
Сарапшылар бұл нарық бөлшек несиелеудің негізгі драйверлерінің біріне айнала бастағанын айтады. Өсімге банктер мен дилерлердің интеграциясы, таңдау мүмкіндігі, түрлі акциялар және қарыз жүктемесінің төмендеуі, сондай-ақ автопарктың аз да болса жаңарып жатқаны себеп. Дегенмен сарапшылар: «Темір тұлпарды қолайлы қозғалыс құралы ғана емес, күнкөріс көзі ретінде қолданатындар көп», - дейді.
Нарықта отандық көлік көбейеді
Иә, көрсеткіш өсті. Халықтың таңдау мүмкіндігі де артты. Шетелдік көлік немесе елде шығарылған темір тұлпарды қалап алып жатқандар көп. Өткен жылы елдегі өндіріс 18 пайыз өскен. Бас-аяғы 172 мың жаңа көлік шығарылды. Сатылған көлік саны 200 мыңнан асады. Жалпы салада оң динамика бар. Автокөлік нарығын бақылау және талдау агенттігінің бас директоры Артур Мискарян сатылым да, өндіріс те өркендеп жатқанын айтады. Сарапшы көп ұзамай жеңіл көлік бөлшектерін өзіміз шығара бастайтынымызға сенеді. Қазір сұранысқа қарай ұсынысты арттыра түсу маңызды.
Артур Мискарян, Автокөлік нарығын бақылау және талдау агенттігінің бас директоры:
- Біз сатылымның тұрақты өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Бірақ өндірісіміз оны қуып жете алмай жатыр. Бұған бірнеше себеп бар. Оған серіктестеріміздің логистикалық қиындықтарын жатқызуға болады. Биыл Алматы мен Қостанайда екі зауыт салынды. Қарағанды облысында алдымен автобус және жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшектер жасайтын өндіріс орны ашылуы керек. Мен көп ұзамай ол жерде жеңіл көліктердің де бөлшектерін шығара бастайтынына сенімдімін. Сондықтан, бұл саланың болашағы зор дер едім.
Мамандар жыл өткен сайын Дубайдан келетін көлік саны азая беретінін айтады. Қазіргі геосаяси ахуал да бұл пайымды қуаттай түскендей. Қытайлық көліктердің үлесі де бұрынғыдай болмайды. «Яғни жыл аяғына қарай темір тұлпар құны құбылады», - дейді. Доллар бағамы да бұл нарықты айналып өтпейтіні анық. Дегенмен өнеркәсіп және құрылыс министрі елде құрастырылатын көлік үлесі артатынын айтады. Жаңа маркалар көбейген сайын бәсеке күшейеді. Бұл бағаның түсуіне ықпал етуі керек. Мұның соңында нарықта өзгенің емес өзіміздің отандық өнім көбейе түспек.
Тегтер #көлік #баға #нарық #құн #автосалон #отандық көлікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz