RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде гидроэлектр станцияларының үлесі артады

27.03.2026, 07:40 50

Алдағы 10 жылда елде 26 ГВт болатын қуат көздері іске қосылады.

Оның ішінде атом және «таза» көмір генерациясына басымдық беріледі. Үкімет басшысы 3 жылда электр қуатын өндіру көлемі 39 млрд кВт/сағат болатынын жеткізді. Мақсатқа жету үшін гидроэнергетиканы дамытуға да көңіл бөлініп жатыр. Қолға алынған жобалар энергия тапшылығы мәселесін шеше ала ма?

Елде ГЭС үлесі артады

Елде жалпы қуаты 313 МВт болатын 43 гидро нысан бар. Былтыр су электр стансалары сағатына 1,196 млрд кВт энергия өндірді. Бұл ауқымды көрсеткіш. Енді 2030 жылға дейін қолданыстағы келісімшарттар аясында 660 мВт-ты іске қосу көзделеді. Олар оңтүстік және шығыс өңірлерде шоғырланады. Нақтырақ айтқанда, жобалар Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында жүзеге асуы керек. Мамандар су электр стансаларының шалғай өңірлерді тұрақты генерациямен қамту үшін маңызды екенін айтды. Өйткені ГЭС-тер базалық және пиктік жүктемені үздіксіз қамтамасыз етуге қауқарлы. Бастысы, өндірілген электр энергиясының өзіндік құны жылу электр станцияларына қарағанда айтарлықтай арзан.

Су электр станциялары салынады

Қарағанды, Ақтөбе және Абай облыстарындағы су қоймаларында шағын су электр станциялары салынады. «Қазсушар» мекемесі тиісті құжаттарды әзірлеп қойды. Жобалар Жол картасы аясында жүзеге асады. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметіне сүйенсек, гидротехникалық нысандарда жыл сайын 30 МВт-қа жуық электр энергиясы өндірілуі қажет. Әзірге  кәсіпорын балансында үш шағын СЭС бар. Олар Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев және Қорғас өзеніндегі «Достық» гидротораптарында, сондай-ақ Қарағанды облысындағы Ынтымақ су қоймасында орналасқан. Мамандар шағын ГЭС-терді дамытудың маңызы зор дейді. Себебі, бұл энергия қауіпсіздігін қамтудың кепілі.

Мақсат Ибрагим, ҚР СРИМ су ғимараттарын дамыту департаменті басқармасының бас сарапшысы:

- Қазіргі уақытта 3 жоба мемлекеттік Қазіргі уақытта үш жоба да мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сондай-ақ тағы бес нысан бойынша жобалау-сметалық құжат әзірлеу жоспарланып отыр. Оның ішінде үш жоба жеке инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар былтыр қыркүйек айында қабылданған «Қазсушар» РМК-ның гидротехникалық құрылысжайларында шағын СЭС дамыту жөніндегі Жол картасы аясында жүргізілуде. Қазіргі таңда шағын СЭС орнатуға жарамды 29 нысан іріктеліп алынған.

Биыл 10 ЖЭК жобасы іске қосылады

Биыл елде жаңартылатын энергия көздері арқылы сағатына 8,8 млрд кВт энергия өндіріледі. Мақсатқа жаңа нысандар да ықпал етпек. Жалпы қуаты 245 МВт болатын 10 жобаны іске қосу жоспары бар. Негізінен жел, күн және су электр стансалары бой көтереді. Халықаралық жобаларға стратегиялық инвесторлар тартылған. Соның нәтижесінде алдағы 10 жылда 8 ГВт-тан асатын ЖЭК қуаттары іске қосылады. Бұл тұрақты «жасыл» энергетикаға көшу, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және ұлттық энергожүйенің тұрақтылығын арттыру бағытындағы жүйелі саясатты айқындайды дейді мамандар. Соның нәтижесінде жыл сайынғы электр энергиясын өндіру көлемі сағатына 4 млрд кВт-қа жеткізу көзделеді. Бұл көмірқышқыл газы шығарындыларын кемінде жылына 3,2 млн тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді.

10 ЖЭК жобасын іске асады:

4 ЖЭС – 150 МВт

5 КЭС – 92,601 МВт

1 СЭС – 3,2 МВт

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Бүгінгі таңда жалпы қуаты 3,5 ГВт болатын 162 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істейді. Өндіріс үлесі ел бойынша жалпы генерацияның 7%-ын құрады. 2025 жылы қуаты 503,5 МВт болатын 9 жаңартылатын энергетика станциясы іске қосылды. ЖЭК электр энергиясын өндіру 8,6 млрд кВт/сағ құрады, бұл 2025 жылғы жоспарға қарағанда 19,4%-ға артық. 

Дегенмен, елде энергия тапшылығы әлі де сезіледі. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде былтырғы көрсеткішті 29 пайыз төмендетуге мүмкіндік туған. Үкімет басшысы биыл 2,6 ГВт дәстүрлі және жаңартылатын қуат көздері енгізілетінін айтты. Бұл келесі жылғы тапшылықты толық жою керек. Ең бастысы, импорттан арыламыз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz