Былтыр Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен өзара сауда көлемі 12,9 миллиард долларға жеткен.
Біз бірлестігіміздің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды тереңдетуге мүдделіміз. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер үкіметтері басшыларының екінші кездесуінде Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деді. Жиында тараптар өңірлік және жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы өзара іс-қимылдан бастап, көлік инфрақұрылымы секілді бірқатар бағыттарды дамытуды талқылады. Сондай-ақ Орта дәліздің цифрлық интеграциясы мен энергетикалық қауіпсіздікі нығайту перспективасын сөз етті. Кездесу нәтижесінде қатысушылар Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Оған сай, Әзербайжанның Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы төрағалығын ілгерілетуге және басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты өркендететін жұмыстарға қолдау көрсетілмек.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, бүгінде жаһан жұрты бізді зор сын-қатерлерге төтеп бере алатын, беделі мықты, ынтымағы жарасқан мемлекеттер ретінде таниды. Біз жақын арада цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімді ратификациялауды аяқтаймыз. Аталған құжат өзара сауда айналымының артуына оң ықпал етіп, бизнес пен тұтынушылар үшін заманауи, ашық әрі қолайлы цифрлық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді деп сенемін. Сонымен бірге бизнеске қолдау көрсетудің нақты қадамы ретінде Түркістан қаласында Тұран арнайы экономикалық аймағын құрдық. Бүгінгі сәтті пайдала отырып, осы аймақта бірлескен жаңа өнеркәсіп орындарын құруға және технологиялық кластерлерді дамытуға дайын екенімізді айтқым келеді.
Тегтер #ТМҰ #Қазақстан #сауда көлемі
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz