RU
Толық нұсқаға өту

Елде базарлар азайды

07.04.2026, 08:45 48

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, былтыр 38 нысан жұмысын тоқтатқан. Оның себептері әр түрлі.

Бірі тиісті талапқа сай болмай шықса, бірі басқа мақсатта қолданыла бастаған.
Ал базарларды жаңғырту бағдарламасы биыл да жалғасады. Өйткені белгіленген мерзімде аяқталмаған жобаларға қосымша мерзім беріліп отыр.

Елде базарлар азайып келеді. Бүгінгі таңда мұндай 588 сауда орны жұмыс істеп тұр. Алдыңғы жылдағымен салыстырғанда 38-ге кеміген.  Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметі осындай. Сатылатын тауар түрлеріне қарай базарлардың 366-сы әмбебап болса, қалғаны мамандандырылған.

Олардың саны жағынан өңірлер арасында Түркістан мен Алматы облыстары көш бастап тұр. Алғашқысына 103, кейінгісіне 57 нысан тиесілі. Ал небәрі 6 базары бар Ұлытау облысы тізімді түйіндейді. Сауда орындарының азаю себебі әр түрлі. Соның ішінде негізгі факторлар - кәсіпкерлік нысандардың басқа мақсатта қолданылуы, тиісті техникалық талаптарға сай келмеуі және онлайн сауданың қыза түсуі, дейді сала мамандары.

39 базарды жаңғырту мерзімі ұзартылды

Базарларды жаңғырту жобасы әлі жалғасып жатыр. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2024 жылы 16 нысан жаңа кейіпке енді. Ал былтыр 100 сауда орны қамтылып, бағдарлама аяқталуға тиіс еді. Алайда 33 базар ғана белгіленген мерзім ішінде жаңғыртылды. Тағы 39 нысанда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Енді олар үшін қосымша бір жыл уақыт берілді. Сонымен қатар 9 базар тізімнен шығарылған. Өйткені кейбірінің жер телімі бұл мақсатқа арналмаған болса, кейбірінің инженерлік желілері көңіл көншітпейді. Бұл сауда орындары Алматы, Қарағанды, Қостанай және Түркістан облыстарында орналасқан. Енді кәсіп иелері нысандарды басқа мақсатта қолдануы мүмкін.

Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:

- Былай айтқанда, олар жабылып тұр ғой. 6 базар егер мақсатын өзгертетін болса, алдағы уақытта базар ретінде емес, сол аймақты басқа мақсатты қолданамын, қандай да бір әлеуметтік нысан саламын немесе тұрғын үй саламын деген мақсатта ауыстырса, базар тізімінен шығарылады. Жер кәсіпкердің өзінде қалады. Тек қолдану мақсатын өзгертеді. Ал 3 базар "қызыл желіге" түсіп тұрғанына байланысты олар жабылады.

19 кәсіпкер базарды жаңғыртуға асығатын емес

Аталған 100 базардың қалған 19-ы байырғы сұрықсыз күйінде тұр. Кәсіп иелері бұл нысандарды жаңғыртуға асығатын емес. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сүйенсек, кейбірі қаржылық қиындықты алға тартса, енді бірі тіптен құлықсыз. Оларға ескерту беріледі. Егер оны да елемеген жағдайда, кәсіпкерлер әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, базарларды жаңғырту жобасы негізінде ең алдымен инфрақұрылымды дамыту, саудагерлер мен тұтынушыларға қолайлы жағдай жасау, көлеңкелі бизнеске тосқауыл қою және нақты статистика жүргізу көзделіп отыр. Сондықтан бағдарламада әрбір сауда орнының қамтылуына басымдық беріледі.

Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:

- Ескерту хаты жолданады. Егер кәсіпкер ол ескертуге құлақ аспаған жағдайда Құқықбұзушылық туралы кодекстің 204.2-бабы, бұл - сауда заңнамасына сәйкес келмеу, осы бойынша әкімшілік іс қозғайды. Әкімшілік істің ішінде сауда субъектілерінің үлкен, орташа және шағын болып бөлінуіне байланысты айыппұл көлемдері белгіленген. Жарты жылдан бастап бір жылға дейінгі уақыт аралығы көзделген. Себебі ол бір күнде аяқталатын шаруа емес қой.

Базарды әркім өз қалауынша сала алмайды

Бұдан былай базарды әркім өз қалауынша сала алмайды. Жобалар министрлік бекіткен талаптарға сәйкес келуге тиіс. Соның ішінде ең алдымен төбесі жабық сауда алаңы, онлайн төлем жүйесі, көлік тұрағы мен қоймалар қарастырылуы керек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz