Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысын өткізді.
Жиында екі ел арасындағы экономикалық байланыстың қазіргі ахуалы мен болашағы талқыланды. Тараптар энергетика, ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау салаларында бірлескен жұмысты тереңдетуге уағдаласты.
Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық байланыс нығайып келеді. Арадағы алыс беріс былтырдың өзінде 9%-өсті. Алда саларалық ынтымақтастықты арттырып, инвестициялық жобаларды көбейту міндеті тұр. Премьер-министр Олжас Бектенов пен Түркия Вице-президенті Джевдет Йылмаз Үкіметте өткен кездесуде өзара іс-қимылдың әлеуетін аша түсетін іс-шаралар жоспарын талқылады. Үкіметаралық комиссияның 14-ші отырысында сауда, инвестицияларлардан бастап өнеркәсіп, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы дейінгі салаларда бірлескен бастамаларды іске асыру тетіктері талқыланды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Сауда-экономикалық және және инвестициялық байланыстарымыз жылдан жылға нығайып келеді. Түркия – Қазақстанның бес негізгі сауда серіктесінің бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы тауар айналымы өткен жылы 9%-ға артты. Оның ішінде Қазақстан тауарларының экспорт көлемі 17%-дан астам өсіп, $3,9 млрд-қа жетті. Қазақстан Үкіметі сауданы әртараптандыруға, оны шикізаттан қосылған құны жоғары өнімге ауыстыруға бағытталған бірлескен жұмыс жүргізуге ниеттіміз.
2005 жылдан бері ел экономикасына 6 млрд доллардан астам түрік инвестициясы тартылса, былтырдың өзінде бұл көрсеткіш 390 млн долларға жуықтады. Қазірде Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 5 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр. Үкіметаралық комиссия отырысы қос елдің байланысын нығайта түспек. Түркия вице-президенті бүгінгі кездесуді стратегиялық серіктестікті дамыту алаңы деп атап өтті. Айта кетейік, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мамыр айында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.
Джевдет Йылмаз, Түркия Республикасының вице-президенті:
- Түркия мен Қазақстан – тек дос және бауырлас мемлекеттер ғана емес, сонымен бірге ортақ тарих пен мәдениет байланыстыратын стратегиялық серіктестер. Біздің ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейіне қол жеткізуде Президенттеріміз – Режеп Тайып Ердоған мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешуші әрекеттері мен ортақ көзқарасы үлкен рөл атқарды. Үкіметаралық комиссияның бүгінгі отырысын біз алдағы уақыттардағы сауда-экономикалық қатынастарымыздың Жол картасын қалыптастыратын стратегиялық консультациялардың негізі ретінде қарастырамыз.
2025 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы 6,4 млн тоннаны құрады. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымал көлемі 4 млн тоннадан асты. Ортақ басымдық – Орта дәлізді дамыту және осы бағытта инфрақұрылымды жаңғырту деді Премьер-министр. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Түркия арасында энергитика саласында ынтымақтастық нығайып жатыр. Алдағы уақытта геологиялық барлау жұмыстары, мұнай газ, химия салаларында бірлескен жобаларды дамытытуға уағдаласты.
Санжар Жаркешев, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Қазақстан мұнайының экспорттық бағыттары диверсификация жасалып жатыр. Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы жылдан жылға біздің мұнай экспоты ұлғайып жатыр. Соған Түркі мемлекеті алғысын айтып кетті. Екіншіден, геологиялық барлау жұмыстары бойынша «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Turkish Petroleum Corporation өзара келісімшартқа қол қойды. Оның арасында шамамен үш жоба геологиялық барлау блоктары қаралды. Қазіргі уақытта Data Room ақпарат алынып, Түркі тарапы жұмыстар жасап жатыр. Үшінші бағыт – электроэнергетика саласында. Біраз жұмыс атқарылды.
Сапар аясында екі елдің іскер топ өкілдерінің басын қосқан дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бұл кездесулер екіжақты инвестициялық жобаларды дамытуға жаңа серпін бермек. Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз түрік бизнесінің қазақстандық нарыққа қызығушылығын атап өтіп, экономиканы дамыту және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Бүгінде елімізде жалпы құны шамамен $9,5 млрд-ты құрайтын 170-тен астам бірлескен жобалар пулы бар.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Арман Ақшабаев
Тегтер #Түркия #қаржы #тауар айналымы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz