Қазақстанның агроөнеркәсіп тауарларына арабтардан сұраныс арта бастады. Биыл Сауд Арабиясына алғаш рет қой еті сатылды.
Алдағы уақытта экспортталатын өзге де халал өнімдердің көлемін арттыру жоспарланып отыр.
Қазақстан Сауд Арабиясына алғаш рет халал өнімдер экспорттай бастады. Алматылық компания биыл бұл мемлекетке 3,5 мың тонна салқындатылған қой етін сатқан. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне қарағанда, араб түбегіне тасымалданатын тауар түрлері тағы көбейеді. Жыл басынан бері тиісті аккредитациядан өту үшін «Қазстандарт» мекемесіне оннан астам отандық компания өтініш білдірген. Олар сиыр мен қой еті, ұн, макарон және қант сиропы сияқты өнімдерді экспорттауға ниетті. Қазақстандық агроөнеркәсіп тауарларына шетелден сұраныс жылдан жылға артып келеді. Соның ішінде халал өнімдер қазірдің өзінде Біріккен Араб Әмірліктеріне сатылып жатыр. Енді Сауд Арабиясының нарығындағы үлесін ұлғайту көзделіп отыр.
Бақдәулет Ибраимов, Қазақстан Стандарттау және метрология институты бас директорының орынбасары:
- Бұл аккредитациядан өту үшін біз бір жарым жылдай жұмыс жасадық тікелей. Сауд Арабиясынан бізге арнайы мамандар келіп, біздің мамандарды тексерді. Сонымен қатар біздің мамандарға оқу өткізді. Негізгі талаптары өте қиын. Кәсіпорындарымыз экспорттық әлеуетін күшейту үшін Сауд Арабиясы қойған бүкіл талаптарды орындап, бүгінгі таңда сондай жақсы жетістіктерге жетіп отыр.
Индонезияға халал өнім экспортталуы мүмкін
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, биыл алғашқы тоқсанда отандық агроөнеркәсіп кешендері өндірген тауардың жалпы құны 900 млрд теңгеге жуықтады.
Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 3,4 пайызға көп. Өнімнің негізгі үлесі мал шаруашылығына тиесілі. Фермерлер 831 млрд теңгеге тауар шығарған. Ал өсімдік өнімдері 52 млрд теңгеге бағаланды. Қалғаны өзге шаруашылықтардың еншісінде. Үш ай ішінде салаға тартылған инвестиция көлемі 68 млрд теңгеден асып, 76 пайызға өсті.
Сауда және интеграция министрлігі халал өнімдерді экспорттайтын тағы жаңа нарықтар іздестіріп жатыр. «Қазстандарт» мамандарының айтуынша, Сауд Арабиясынан кейін Индонезиямен сауда байланысын орнату жоспарланған. Сабақты ине сәтімен. Биыл-ақ тауардың алғашқы партиясы жөнелтілуі мүмкін.
Бақдәулет Ибраимов, Қазақстан Стандарттау және метрология институты бас директорының орынбасары
- Бізге Индонезия мемлекеті қызық болып жатыр. Индонезия мемлекетіне осы ет өнімдерін экспорттау үшін қазақстандық 2-3 компания қызығушылық білдіріп отыр. Сол себепті біз қазір Индонезия мемлекетінің құзырлы органдарымен жұмыс жасап жатырмыз. Бәрі дұрыс болса, биыл сол елден аккредитациядан өтіп, біздің экспорттаушы компанияларға тауар жеткізуге жол ашылады деп ойлаймын.
Азық-түлік өндірісі 12%-ға артты
Ал азық-түлік өндірісіне жеке тоқталсақ, биыл қаңтар–ақпан айларында Қазақстанда мұндай 665 млрд теңгенің тауары өндірілді. Былтырғы дәл осы кезеңдегі көрсеткіштен шамамен 12 пайызға артқаны байқалады. Негізгі өнімдердің үлесі мына кестеде көрсетілген. Ең жоғары өсім сары май өндірісіне тиесілі. Одан кейінгі сатыларда ірімшік пен сұзбе, тәтті кондитерлік өнім мен жарма тұр. Ет-сүт көлемі де артты. Ірі қара мен ұсақ мал, жылқы және шошқа етінің өндірісі 7 пайызға ұлғайды. Өңделген сүт бір жарым, қышқыл сүт өнімдері үш жарым пайызға көбейіп отыр. Сонымен қатар өңделген және консервіленген жеміс пен көкөніс 13 пайызға артты.
Жеміс пен көкөніс өңдеудің жаңа тәсілі енгізіледі
Елде жеміс пен көкөніс өнімдерін өңдеудің жаңа технологиясы енгізіледі. Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының хабарлауынша, ғалымдар қызылша, сәбіз және алма шырынын араластырып, оған пектин қосып, жаңа қоспа әзірледі. Ол шикізатты терең өңдеуге ғана емес, өнімнің құрамындағы дәрумендерді сол күйінде сақтап қалуға ықпал етеді, дейді мамандар.
Тегтер #азық түлік #халал өнім #Сауд Арабиясы #Агроөнеркәсіп #сұраныс #қой еті
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz