RU
Толық нұсқаға өту

ҚДБ кәсіпорындармен екі миллиард доллардан астам сомаға келісім жасады

22.04.2026, 21:33 19

Қазақстанның Даму банкі кәсіпорындармен екі миллиард доллардан астам сомаға келісім жасады.

Қаражат жел, күн электр станцияларын салуға, ірі өнеркәсіп нысандарын экологиялық жаңғыртуға бағытталады. Жобалар елдің «жасыл» экономикаға көшуін жеделдетіп, энергетика секторын әртараптандыруға ықпал етеді. Өндірістің экологиялық жүктемесін азайтып, өңірлердегі инфрақұрылымды дамытуға серпін береді.

Қазақстанның Даму банкі Өңірлік экологиялық саммит аясында алты ірі келісім жасасты. Банк қаржыландыратын жобалар калий өндірісін дамытудан бастап, «Qarmet» кәсіпорнын экологиялық жаңғыртуға дейінгі бағыттарды қамтиды. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, салық түсімдерін арттыратын әрі экспорттық табыс әкелетін маңызды жобалар. 

Марат Елібаев, "Қазақстанның даму банкі" АҚ Басқарма төрағасы:

- Бұл жобалар «жасыл» экономиканы ілгерілетуге ықпал етеді. Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтарап елге айналуды міндет етіп отыр. Сондықтан бұл бастамалар климаттық саясатты жетілдіреді. Қазақстанның Даму банкі үшін бұл жобалар аса маңызды. Біз олардың әрқайсын экологиялық талаптарға, әлеуметтік әсеріне және корпоративтік басқару қағидаттарына сай мұқият қарастырамыз.

«Vigor Holding» серіктестігімен жасалған келісім аясында Қызылорда облысында жалпы қуаты 70 мегаватты құрайтын күн электр станцияларының паркі салынады.

Айтуған Жақсымбай, «Vigor Holding» ЖШС директоры:

- Қазақстанның даму банкінің қолдауы арқасында бұл жобаны жүзеге асыру арқылы құрылыс кезеңінде 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтимыз және қолданысқа тапсырылған кезде қосымша жиырмаға тарта тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба жыл сайын мемлекеттік бюджетке шамамен 400 миллион теңге пайда әкелмек.

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Ертең Қазақстанның Даму банкі тағы бір ірі келісімге қол қояды. Осылайша жалпы қаржыландыру көлемі 2 миллиард доллардан асады. Халықаралық институттардың сенімі артып келеді. Бұл Қазақстанның өңірдегі «жасыл» трансформацияның негізгі қозғаушы күшіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта жаңа су және күн электр станцияларын салу және болашақ экономикасын экологиялық тұрғыдан таза ететін технологияларды енгізу көзделген.

Дильназ Тұрғазыева, Ақылбек Есімсеитов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz