Орталық Азияда әр минут сайын 9 шаршы метр жер шөлге айналады.
Астанада өтіп жатқан өңірлік экологиялық саммитте осындай дерек айтылды. Бұл мәселе біздің елде де өзекті. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бірқатар аймақта топырақ тоза бастаған. Мәселені жүйелі түрде шешу керек. Оның бір амалы — жасыл алқапты көбейту. Сосын бұдан басқа да инвестициялық экожобалар бар.
Елде шөлейтті жерлер көбейді
Елде шөлейтті жерлер көбейді. Бұл мәселе орталық, оңтүстік және батыс аймақтарда айқын байқалады. Оны жалғыз жүріп емес, жұмыла шешу маңызды. Өйткені бұл тұтас өңірге тән түйткіл.
Еліміздің экология министрі Ерлан Нысанбаев «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасын іске қосуды ұсынды. Ал Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғыз елі құп көрді. Себебі бұл тәжірибе бізде жемісті жүзеге асуда. Мемлекеттік орман қорында 2 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш егу жоспары орындалып жатыр. Бұдан бөлек Арал теңізі маңында тұзға төзімді сексеуіл сияқты өсімдік түрлері өсіріледі. Оның аумағы 1 млн гектардан асады. Бұл өз кезегінде трансшекаралық шаңды дауылдарды азайтуға сеп дейді министр.
Семейде «Орман бестігі» жобасы ұсынылды
Жасыл алқапты жайқалтып, саялау жақсы. Бірақ, айтып келмейтін апаттың алдын алу да маңызды. Үш жыл бұрын Семей орманында алапат өрт болғаны есімізде. Зақымданған аумақ 60 мың га-дан асады. Сол алқапты қалпына келтіру күн тәртібінен түскен емес. Өңір ғалымдары да атсалысып жатыр. Олар "Орман бестігі" жобаларын ұсынды. Инвесторлар табылса, жасыл алқапқа жан бітіруге болады. Мамандар полигон аумағын да қалпына келтіруден үмітті.
Асхат Қуандықұлы, Р. Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономика колледжі директорының орынбасары:
- "Орман бестігі" деген картонға біз су құйып, оны ағашпен қоршап, одан кейін ағашты отырғызамыз. Сонда ылғалдандыру жүйесі толықтай 100 пайызға жетеді. Сонда бізде орманымыз да тез өседі деген ойдамыз. Соның арқасында бізде тағы бір жоба пайда болды. Бізде Семей орманымен қоса, полигондық аймақтар да бар. Сол полигон жерлерін де қалыпқа келтіру мәселесін қазіргі таңда біз үлкен бір мәселе ретінде алып отырмыз. Полигон жерлері радиацияға толы болғандықтані біз ол жерге қалай өсімдік өсіру керектігін ұзақ зерделеген болатынбыз. Зерделеу нәтижесінде мискантус деген өсімдік бар, сол өсімдік кез келген жерде өсе береді екен. Зиянды заттардың барлығын өзіне сіңіріп алады екен. Нәтижесінде циллюлозаны шығарады және циллюлоза арқылы біз қағаз өндіре аламыз.
Қағазды ағаштан емес, шөптен өндіру қолға алынады
Яғни ағаштарды зақымдамай, тек шөптен қағаз өндіруге болады деген сөз. Оған дейін қыруар қаражат пен бірнеше жыл керек болар. Дегенмен, жаһандық нарықта ақ параққа сұраныс көп. Жоба авторлары экологиялық таза өнімге қызығушылық бар деген сенімде. Қазір олар кәсіпорындармен бірге май күнжарасынан мал жемін шығару, ескі шиналардан жабынды өндіруді іске асырып жатыр.
Топырақтың тозуы шығын әкеледі
Бұған дейін БҰҰ топырақтың тозуынан елімізге жыл сайын 2,5 млрд доллар шығын келетінін хабарлады. Сол себепті, яғни егіс алқаптары жарамсыз күйге түспес үшін әртараптандыру қарқынды жүріп жатыр.
Жерді зерттеу институтының дерегіне сүйенсек, 90 млн гектар топырақ тозған. Оның дені жайылымдар. Депутаттар иесі бар, бірақ қараусыз жатқан жерлерді мемлекетке қайтару керек дейді. Өйткені қолданыстағы топырақ әзір жаңармайды. Алматылық өнертапқыш Ербол Тілеуберді мұнайдың төгілуі де жерді тоздырады дейді. Ол мұнай шыламдарын термиялық жолмен тазартып, отынды бөліп алу амалын тапқан. Жылжымалы құрылғы кез келген жерге жеткізіледі. Әзірге күніне 200 келісін өңдеуге шамасы бар. Сұраныс болып жатса, бұл қуатты мың тоннаға жеткізуге болады дейді.
Ербол Тілеуберді, Абай атындағы ҚҰПУ қауымдастырылған профессоры
Төгілген мұнайды тазарту құрылғысы пайда болды
Төгілген мөлшері аз болып және электр тогынан аз болатын болса, кез келген трактор болсын, жол талғамайтын көлік болсын, соған тіркеп алып, сол жерге барып, мұнай төгілген топырақты тазартып, одан мұнайын бөліп алуға болатындай жылжымалы қондырғы жасап шықтым. Соны әкеліп көрсетіп тұрмын. Бұл қондырғының артықшылығы ток көзі жоқ жерде өзінде генератор орнатылған. Сол арқылы жұмыс жасай береді. Одан алынған мұнайды кәдімгі мұнай-химиялық өнімдер ретінде пайдалануға болады.
Иә, климаттың өзгеруі, жердің тозуы адамзат үшін үлкен қатер. Жер-ананы сақтау үшін барлық ел бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығармаса қиын. Халықаралық ұйымдар мен Орталық Азия көшбасышларын жиған өңірлік экологиялық саммитің де діттегені осы.
Тегтер #қағаз #Таңдаулы #ағаш #бұл нарық #24KZ #шөлPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz