Отандық валюта нарығы әлі де құбылып тұр. Сәуір айының ортасында доллар бағамы 474 тг болса, бүгін 458-ге дейін түсті. Ұлттық Банк бұл үрдісті оң динамика деп бағалап отыр.
Сарапшылардың өзі нақты болжам айта алмай отыр. Өйткені бағам динамикасы біркелкі емес.
Биыл доллардың ең жоғары бағамы 7–8 қаңтарда тіркелді – 512 теңге 83 тиын. Ең төменгі көрсеткіш 8 сәуірде болды – 460 теңге 37 тиын. Сарапшылардың айтуынша, мұндай құбылыс Таяу Шығыстағы жағдаймен байланысты. Ормуз бұғазы төңірегіндегі ахуал, АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер аясында мұнай бағасы жоғары деңгейде сақталып отыр. Яғни барреліне 108 доллардан асады.
Арман Бейсембаев, қаржы талдаушысы:
- Мұнай бағасының күрт өсуі теңгенің нығаюына тікелей әсер етті дей алмаймыз. Алайда оны қолдайтын фактор болды. Егер мұнай бағасы 60-65 доллар шамасында қала бергенде, бәлкім, мұндай ілгерілеуді көрмес едік. Қазіргі деңгей шамамен 458 теңге.
Арман Бейсембаевтың айтуынша, қазіргі жағдай сақталса, теңге әрі қарай да нығая бермек. Әсіресе несие саясатында өзгерістер болмаса және сыртқы экономикалық ахуалдың тұрақтылығы сақталға бұл динамика қала береді. Егер Таяу Шығыста жағдай шиеленіспесе және мұнай бағасы төмендемесе, бәрі қаз қалпында сақталады. Ал жағдай бұрынғы қалпына оралып, Ормуз бұғазы ашылса мұнай арзандауы мүмкін.
Венера Жаналина, қаржыгер:
- Қазір нақты сұраныс жоқ. Нарықта доллар жеткілікті. Себебі шетелдік инвесторлар келіп, теңгелік бағалы қағаздарға инвестиция салады, оларды доллармен сатып алады – осылайша доллар нарыққа түседі. Бұған қоса Ұлттық қордан сатылымдар жүріп жатыр. Сонымен қатар банктер үшін ең төменгі резервтік талаптардың ұлғаюына байланысты теңгелік өтімділік азайып келеді.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, мұнай бағасының қолайлы болуы экспорттық валюталық түсімнің артуына ықпал етеді. Бұған қоса маусымдық факторды да жоққа шығара алмаймыз. Әдетте бірінші тоқсанда мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялар инвестициялық бағдарламаларын белсенді жүзеге асыра бастайды. Ал валютаға деген негізгі сұраныс көбіне жаз айларында байқалады.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы:
- Қазіргі бағамға басқа біреулердің алыпсатарлық әрекеттері немесе нарықтан тыс факторлар әсер етіп жатыр деп айта алмаймыз. Сондықтан бүгінгі бағам нарықтық жағдайдың нәтижесі және ол инфляцияны төмендетуге айтарлықтай әсер етіп отыр.
Экономист Андрей Чеботаревтің айтуынша, теңге былтыр күзде нығая бастады. Ол кезде Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерген еді. Нарыққа «кэри-трейдерлер» деп аталатын шетелдік инвесторлар келді. Олар өндіріс саласына ұзақ мерзімді инвестиция салудан гөрі, жоғары пайыздық мөлшерлемені пайдаланады. Валютаны теңгеге айырбастап, жоғары пайызбен қояды. Нәтижесінде нарықта шетел валютасының ұсынысы артады. Ұсыныс жоғары, ал сұраныс салыстырмалы түрде төмен болған жағдайда доллар бағамы төмендеп, теңге нығаяды. Бұл үрдіс қазір де жалғасып жатыр.
Андрей Чеботарёв, экономист:
- Бұл процесс біз мөлшерлемені қайтадан күрт төмендеткенге дейін немесе теңге бағамына қауіп төнгенге дейін жалғасады. Өйткені мұндай инвесторлардың негізгі тәуекелі – валюта бағамы. Егер теңгеге қауіп төнсе, олар нарықтан шыға бастайды. Артынша бағам қайта өседі.
Қаржы мамандары да бұл пікірді қолдайды. Олардың айтуынша, іскерлік белсенділік әдетте жазға қарай артады. Компаниялар бюджеттерін белсенді игеріп, импорттық жабдықтарды сатып алу көлемін ұлғайтады.
Тегтер #валюта #теңге #құбылмалы #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz