RU
Толық нұсқаға өту

Қазақ-чех кәсіпкерлерінің бизнес форумы өтті

28.04.2026, 21:46 35

Астанада қазақ пен чех бизнесмендері бас қосты.

Кәсіпкерлер кеңесіне қос елдің премьер-министрлері де қатысты. Тараптар арадағы қатынасқа қарқын қосып, алыс-берісті, барыс-келісті арттыруға ниетті. Қелелі кездесуде қандай келісім жасалды? 

Қазақстан мен Чехия. Ауылы аралас, қойы қоралас жатпаса да қос елдің қатынасы қашаннан қарқынды.

Былтыр тауар айналым 700 млн доллардан асты. Оның 98 пайызы өнеркәсіп өндірісіне тиесілі. Алда көрсеткіш көбеймесе, кемімесі белгілі. 

Тараптар бизнесте бірігіп іс қылуға бейіл. Бүгінгі бас қаладағы басқосуға 150 астам компания қатысты. Оның 60-ы чех кәсіпкерлері.

2025 жылғы экономикалық ынтымақтастық

Тауар айналымы - $700 млн-нан астам

Өнеркәсіп - 98%  

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан қарқынды инвестициялық саясат жүргізіп, ұзақ мерзімді инвесторлар үшін ашық ел болып қала береді. Бизнеспен сенімді диалог орнату осы жұмыстың маңызды бөлігі. Бүгін қазақстан және чех компанияларының кең ауқымды қатысуын көріп отырғаныма қуаныштымын. Бір-біріміздің мықты тұстарымызды пайдаланып, жаңа ынтымақтастық бағыттарын қарастыра отырып, өзара тиімді серіктестік құра аламыз.

Андрей Бабиш, Чехия премьер-министрі:

- Бүгінде Қазақстан – құрлықтар арасындағы көпір ғана емес, сонымен қатар инновациялар мен инвестициялардың жаһандық орталығы. Біздің мұнда болуымыз елдер арасындағы тығыз байланыстар мен ұзақ жылдық ынтымақтастық тарихын көрсетеді. Қарым-қатынасымыз өзара құрметке және табысты бірлескен жобалар тәжірибесіне негізделген. Қазақстанға деген қызығушылық біз үшін уақытша үрдіс емес, ұзақ мерзімді стратегиялық таңдау. 

Иә, чех елі Қазақстан нарығына қызыға қарайды. Кейінгі 20 жылда чехиялық кәсіпкерлер қазақ даласына 350 млн доллар инвестиция құйған. Себебі сұраныс сұрапыл, қай өнімнің де өтімі жоғары. Әсіресе, елде машина жасау, инженерия ісі ілгерлеп келеді. Ал Чехия бұл секторда көшбасшылардың бірі.  Сондықтан, келісіп іс қылу қос тарапқа да тиімді.

Мұрат Кәрімсақов, "Атамекен" ҰКП сыртқы сауда палатасының төрағасы:

- Қазақстан аумағында 200-ден астам чех компаниясы жұмыс істейді. Олар негізінен көлік, автокөлік жасау, фармацевтика, өнеркәсіптік жабдықтар және ауыл шаруашылығын өңдеу салаларында қызмет етеді. Біздің ел қос тарап үшін де тиімді. Біз бір-біріміздің экономикамызды өзара толықтырамыз. 

Бизнес форумда 6 келісімге қол қойылды. Дегенмен, құжаттардың жалпы құны құпия. Себебі дені қорғаныс саласына бағытталған жобалар. Алайда сарапшылар бұл жолғы уағдаластық ондаған млн ақш долларынан асады деп болжап отыр.

Шернияз Жалғасбекұлы, Өрден Жарқын

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz