RU
Толық нұсқаға өту

Атырау облысында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге аса бастады

30.04.2026, 15:39 30

Атырау облысы Құрманғазы ауданында тәулігіне 8 тонна мал және құс шаруашылығына қажет құрама жем шығаратын шағын цех іске қосылды.

Кәсіпкер Сайфолла Мұқанов былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен 28 млн теңге несие алып іске кіріскен. Қазір оның өнімдері ауданда үлкен сұранысқа ие болып отыр. Былтыр облыс аудандарында осындай 6 ірі ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, мемлекет қолдауымен 177 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Нәтижесінде ауылдарда жаңа кәсіпорындар іске қосылып, қосымша жұмыс орындары ашыла бастады.

Шағын цех арпа мен сұлы секілді дақылдарды тартып түрлі дәрумендер қосылған мал азығын шығарады. Бұрын құрама жем түрлері Ресейден және еліміздің өзге өңірлерінен тасымалданатын. Өңір үшін жаңа бизнестің тиімділігін түсінген кәсіпкер Сайфолла Мұқанов былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 28 млн несие алып, осы кәсіпорынды ашқан болатын. Мұнда күніне 1 тоннадан астам құрама жем шығып тұр. Әзірге 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сұраныс болса, кәсіпкер өндірісті ұлғайтпақ ниетте.

Сайфолла Мұқанов, кәсіпкер:

- Қазіргі уақытта құс жемін шығарамыз, мал жемін шығарамыз, бордақылайтын. Оны қиыршыққа айналдырамыз. Оның құрамында 10-12 түрлі минералдар бар. Болашақта балық жемін де шығарғымыз келеді. Қазір тоған шаруашылықтары дамып жатыр. 

 «Ауыл аманаты» бағдарламасы өңірде 2023 жылы басталды. Күні бүгінге дейін құны 1,5 млрд теңгеден асатын 192 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде ет-сүт бағытындағы асыл тұқымды мал өсіруді мақсат еткен жобалар көп. Сонымен қатар мал өнімдерін өңдейтін технологияға қол жеткізген кооперативтер де бар. Нәтижесінде 6 жобадан 50-ге тарта жаңа жұмыс орны ашылды.

Азат Қапанов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

- «Ауыл аманаты» жобасы мал шаруашығын дамыту ғана емес, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға да септігін тигізуде. Сонымен қатар ағымдағы жылы күні бүгінге дейін 25 жоба 248 млн теңгеге қаржыландырылды. Бұл жұмыстар жалғасын  табады.

 «Ауыл аманаты» бағдарламасының басты артықшылығы шағын шаруашылықтар бірігіп, ірі өндіріс орындарына айнала бастады. Несие кәсіп түріне қарай 5-7 жылға беріледі. Бұл ауылдық жерлерде өңдеу өнеркәсібін дамытуға да игі ықпал етуде. 

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz