RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте жеке кәсіп ашқандар саны артты

03.05.2026, 08:00 30

Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны бір жылда 63 процентке азайды.  

Есесіне мемлекеттің қолдауымен кәсібін ашып, тұрмысын түзегендер көбейді. Жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз грант көп адамға көмек болды. Былтыр әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 426 отбасына қайтарымсыз грант берілген.

Төрт баланың анасы Күмісай Қайыпова мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдаланды. Қайтарымсыз грант алып,  үй іргесінен шағын наубайхана ашты. Қажетті құрал-жабдығын сатып алды. Жәрдемақыдан бас тартқан ол нан өнімдерін сатып отыр.

Күмісай Қайыпова, кәсіпкер:

- Маған жұмыс істеу керек. Менен нанға деген сұраныс бар. Содан кейін өзім ойладым екінші рет өтпесем кредитке аламын деп ойладым. Бірақ шүкір, өттім. Көп рақмет айтамын. Басқа нанға ұқсамайды менің наным. Ерекшелігі листке жабамын өз қолыммен домалақтап, узорын салып. Дәмі басқаша. Жеген адам рақметін айтып жейді. 

Наубайхана отбасылық кәсіпке айналды. Қазір Күмісайға үлкен қызы қолғабыс етсе, жолдасы дайын өнімді дүкендерге жеткізуге көмектеседі. Табанды еңбектің арқасында тапсырыс көлемі де ұлғайған. Наннан бөлек ішіне тәтті тоқаш та пісіреді.  

Көркем Нұрғабылқызы, К. Қайыпованың қызы:

- Анам үйретті бәрін. Қазір өлшеп, грамдаудың бәрін білемін. Үйден наубайхана ашқанымыз жақсы болды. Күнде ыстық нан үзілмейді. 

Күмісай сынды ісін бастағандардың тұрмысы да түзелді. Осылайша әлеуметтік көмек алатындар саны айтарлықтай азайды. Былтыр 27 мың адам мемлекеттік қолдауға ие болса, биыл бұл көрсеткіш 8 мыңға жуықтады. Сала мамандары көмек алушыларды жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікке баулу оң нәтиже бергенін айтады. 

Жандос Әшіров, қалалық мансап орталығының бөлім басшысы:

- 2025 жылдың бірінші тоқсанымен 2026 жылдың бірінші тоқсанын салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 63% төмендеген. Басым бөлігі кәсіпкерлік жобаға түсіп, мал, қызмет көрсету, үйінен выпечка, қолөнер, тігіншілік деген сияқты сол салаларға бизнес план жасап жатыр. 

Бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грантқа өтініш қабылдау жақында басталады. Биыл өңір бойынша 400 адамға 1 миллион 700 мың теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Ал қаражаттың мақсатты жұмсалуы мен есебі бақылауда болады. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz