RU
Толық нұсқаға өту

Халық жылқы етін көп тұтына бастады

06.05.2026, 07:22 46

Қымыз демекші, елде Қамбар ата тұқымы да көбейіп келеді.

Жылқы басы қазір Кеңес өкіметі тұсындағы мал басының санына жеткен. Жаңа айттық, бие сауатындар көбейді. Етті де қазақтан артық жейтін ешкім жоқ. Тіпті жылқы етін өзге елдерден де импорттаймыз. Соның негізгі бөлігі Моңғолиядан келеді.

Ал сиыр, қой басқа да ет түрлерін экспорттағанымызбен жылқы етін сыртқа сата қоймайды екенбіз. Өйткені өзімізге жетпей қалады.

Елде жылқы көбейді. Биыл 4 млн 800 мың басқа жеткен. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі осындай. Статистикадағы сандар жан семіртеді. Алайда сапасына келгенде сауал көп. Өйткені асыл тұқымды жылқылардың үлесі 1 пайыз шамасында ғана, яғни, 49 мың басқа жуықтайды. Солардың төрттен бірі Ақтөбе облысына тиесілі. Одан кейін БҚО тұр. Жайықтың жағасында 6 мыңға жуық бағалы жылқы жайылып жүр. Ал Абай, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарының әрқайсында 2 мыңнан асады. Қалған өңірлерде бұдан аз. Қазақ даласында тұяқты жануардың бірнеше тұқымы өсіріледі. Соның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының орны бөлек. Бұдан соң Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Маңғыстаудағы Адай жылқысы жайлы да жырлауға болады. Мал шаруашышылығын дамытуға арналған бесжылдық кешенді жоспар үйірлі жылқысын асылдандыруды аңсайтын ағайынға демеу болады. Өйткені бағдарлама аясында бағалы төрт түлік сатып алуға жеңілдетілген несие беріледі. Шалғайдағы агроқұрылымдарды дамыту және жайылымдық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін де қолдау қарастырылған.

асыл тұқымды жылқы - 48,6 мың бас

Ақтөбе облысы 12 700 бас

БҚО 5 600

Абай облысы 2 900

Алматы облысы 2600

Жамбыл облысы 2900

Қызылорда облысы 3 200

Павлодар облысы 2 000

СҚО 2 600

Түркістан облысы 2 900

ШҚО 2 200

Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ең жақсы өсім жылқы санында. Біз жылқы саны бойынша совет кезіндегі көлеміне жеттік. Ол өте жақсы, бірақ біз жылқыны көп экспорттамаймыз.

Халық жылқы етін көп тұтына бастады 

Кейінгі жылдары қазақстандықтар жылқы етін жиі тұтына бастады. Алдымен ішкі өндіріске тоқталайық. Былтыр қаңтар-қараша аралығында отандық агроөнеркәсіп кешендері 146 мың тонна жылқы етін өндірген. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен 5 пайызға көп. Өнімнің бәрі дерлік ішкі нарықта қалып отыр. Былтыр небәрі 124 тонна ғана ет экспортталыпты. Мұны Өзбекстан сатып алған. Мамандардың айтуынша, жылқы еті - диеталық өнім. Оның құрамында ақуыз көп, майы аз. Тез сіңеді. Бұған қоса, қазір нарықта ірі қараға қарағанда жылқы еті арзан. Содан да болар сұраныс артты. DataНub-тың мәліметіне сүйенсек, былтыр әрбір қазақстандық орташа есеппен 7 жарым келіден астам жылқы етін тұтынған.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Батырбек Қошқарбаев, кәсіпкер:

- Осы күнге дейін жылқы малының еті ешқашан сиырдан төмен болмаған. Қазір ірі қара 200 теңгеге жылқы малынан қымбат болып тұр. Бұл халыққа тіптен жақсы деп ойлаймын. Сиыр етіне қарағанда жылқы еті пайдалы ғой әлдеқайда. Сондықтан жылқы жеуге мүмкіндік қазіргі таңда.

Жылқы етінің импорты артты 

Жетпеген жылқы етінің қалғанын шетелден сатып аламыз. Былтыр 11 ай ішінде 3,8 мың тонна өнім импортталған. Көлемі жылдағыдан екі есе артқаны байқалады. Барлық тауар 10 млн АҚШ долларына бағаланған. Ескеретін жайт, бұл статистикаға есек пен қашыр еті де кіруі мүмкін. Солай болған күннің өзінде үлесі тым аз. Ет салқын, мұздатылған және жаңа сойылған күйде жеткізіледі. Негізгі сауда серіктесіміз - Моңғолия. Импортталған өнімнің 60 пайызы осы елге тиесілі. Қалған серіктестердің бергісі Еуропа, арғысы Оңтүстік Америка мемлекеттерінен.

ФАО-ның деректеріне көз жүгіртсек, Қазақстан жылқы саны жағынан әлемде алғашқы алтылықтан түскен емес. Көшбасшылар қатарында Мексика, АҚШ, Бразилия, Моңғолия және Қытай бар. Асыл тұқымды жылқылар мен спорттық аттар бойынша АҚШ, Германия, Франция мен Нидерландтың көрсеткіші жоғары. Ал жылқы етін ең көп импорттаушылар тізімін Италия, Франция, Бельгия және Қытай бастап тұр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz