RU
Толық нұсқаға өту

Атырау облысы мен ҚХР арасында тауар айналымы өсті

07.05.2026, 17:29 35

Атырау облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ынтымақтастық артып келеді.

Былтырдың өзінде аспан асты елімен тауар айналымы 1,7 миллиард АҚШ долларына жеткен. Ал биыл мұнайлы өңірде жаңа кәсіпорындар ашылып, жалпы құны 153 млн доллар болатын инвестиция тартылады. Мемлекет басшысының өңірлерге шетел инвестициясын тарту тапсырмасымен, сондай-ақ екі ел арасында ынтымақтастықты дамыту мақсатында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Бірқатар нысанды аралап, компаниялармен меморандумға қол қойды.

Атырау облысының делегациясы алдымен Шаньдун провинциясындағы натрий-ионды аккумуляторлар өндіретін компанияда болды. Кәсіпорын өнімдері автокөліктерге, арнайы техника мен ірі энергия сақтау жүйелеріне арналған. Натрий батареялары төмен температураға төзімділігімен және ұзақ мерзімге қызмет етуімен ерекшеленеді. Компания алдағы уақытта Атырау облысындағы «Еуразия» индустриалды аймағында өндірісті жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Лю Сяолэй, Shandong 014 Advanced Materials компаниясының өкілі:

- Біздің компания натрий-ионды батарея технологиясына бағытталған. Батареялар 50 градусқа дейін аязда да жұмыс істей алады. Материалдардың құны батареяның 50–60 пайызына тең. Сондықтан Атырау өңірімен әріптестік орнату біздің өнімнің ғана емес, өңірдің де бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп сенеміз. Атырау өңіріндегі көміртекті және тұз материалдарының қоры – өндіріс үшін маңызды шикізат көзі.

Делегация бұдан кейін «Kerui Petroleum & Gas» компаниясында болып, мұнай-газ саласына арналған жоғары технологиялық жабдықтар өндірісімен танысты. Компания бұрғылау құрылғылары, компрессорлық станциялар, газ айдау жүйелері мен мұнай-газ өңдеу зауыттарына арналған жобаларды жүзеге асырып, сервистік қызмет көрсетеді.

Данияр Орынбасаров, Атырау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:

- Компания мұнай-газ саласына арналған жоғары технологиялық жабдықтар, инжинирнг және сервистік шешімдерді ұсынатын халықаралық өнеркәсіптік топ болып табылады. Келіссөздер барысында өңірде өндірістік орталық құру, технология трансферті және кадр даярлау мәселелері талқыланды. Жобаның алдын ала инвестиция көлемі 50 млн АҚШ долларын құрап, 200-ге жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Сапар барысында Атырау облысының әкімі мен компания басшылары үш жақты меморандумға қол қойып, ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты. Жалпы Серік Шәпкенов жұмыс сапары барысында өңір үшін маңызды бірнеше кәсіпорынды аралап, келіссөздер жүргізеді. Атырау өңіріндегі өнеркәсіп өнімінің 90 пайыздан астамы мұнай-газ саласына тиесілі. Ал оны әртараптандыру басты міндет болып отыр. 

Асланбек Шығыр, Амантай Матенов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz