Қазақстан жайылым көлемі бойынша әлем үздіктерінің қатарында.
Алдымызда Қытай, АҚШ, Австралия, Бразилия және Ресей тұр. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Дегенмен, «шаруалардың бәрі құнарлы аумақтан енші алған» дей алмаймыз. Үш млн гектар жайылым тапшы. Мұның себебі неде? Мәселе қалай шешіледі?
Жайылым тапшылығы шешіледі
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин жазда жайылым мәселесі толық шешілетінін жеткізді. Кейінгі 2 жылда жайылым тапшылығы 3,2 млн гектарға дейін қысқарды. Бұл пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару және қайта бөлудің нәтижесі. Қаңтардан бері 563 мың га-дан астам алқап мемлекетке қайтарылды. Президенттің тапсырмасымен жылдың ортасына дейін жерді қайта бөлудің кезеңдік жоспары бекітілген. Оған сай 13 млн га аумақтың 10 млн-ы қолданысқа берілді. Қалғаны 1 шілдеге дейін үлестірілуі керек.
Шаруа топырақ сапасына жауапты
Ал топырақ құнарын төмендеткен шаруа жерінен айырылады. Мәжіліс мақұлдаған «Топырақты қорғау туралы» заң жобасының бір талабы осы. Депутат Нұржан Әшімбетов алдымен, мониторинг жүргізілетінін жеткізді. Егер топырақ сапасы бұзылғаны анықталса, фермерге ескерту жасалады. Бір жыл ішінде жағдайда түзеуге міндеттеледі. Талап орындалмаса, жер мемлекетке қайтарылады.
Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 1 жыл уақыт беріледі жағдайды түзетуге. Егер 1 жылдың ішінде жағдай түзелмесе, онда жер инспекциялары жерді қайтару мәселесін көтереді. Жер бірден емес, сот арқылы алынады. Бұл фактілерді анықтау үшін. Процесс рет-ретімен жасалады.
Шаруаларға «Жайлау» несиесі беріледі
Елде мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары қабылданғаны белгілі. Соның аясында 2026-2030 жылдарға арналған жайылымдық шаруашылықты қолдау тетіктер енгізілді. Мәселен, "Жайлау" несиесі. Оған жайылымдарды суландыру, мобильді инфрақұрылым сатып алу, сондай-ақ жемшөп, ветеринариялық препараттар мен техникаға 6 пайыз мөлшермен қарыз беру көзделген.
Экономикамыз қуатты, күндеріңіз шуақты болсын!
Тегтер #Таңдаулы #бұл нарық #Қазақстан #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz