RU
Толық нұсқаға өту

Индонезияға астық эскпорты ұлғаяды

12.05.2026, 11:33 33

Қазақстан Индонезияға құны 60 млн доллардан асатын 20 тауар түрін экспорттауға дайын.

Бұл туралы Елордада өткен екі елдің экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының екінші отырысында айтылды. Атап айтқанда, Индонезияның болат құю және автомобиль өнеркәсібін ферроқорытпамен қамтамасыз етуде отандық өндірушілердің әлеуеті зор. Сондай-ақ астық экспортын да ұлғайту көзделген. Бұдан бөлек Индонезия нарығына сиыр, қой еті және ет консервілерін экспортау мүмкіндігі бар. Арадағы сауда айналымын нығайтуда Еуразиялық экономикалық одақ пен Индонезия арасындағы еркін сауда туралы келісімнің маңызы жоғары. Тараптар бұл келісімге былтыр қол қойған еді. Өз кезегінде индонезиялық делегация азық-түлік қауіпсіздігі, халал индустриясы және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық танытатынын, экономикалық байланысты күшейтуге ынталы екендігін жеткізді.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Индонезия Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі экономикалық серіктестерінің бірі. Біз екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге мүдделіміз. Екі ел арасында сауда-экономикалық, мәдени және басқа да салаларды қамтитын 26 келісім бар. Алдағы уақытта байланыс нығая түсетініне сенім мол. Биыл Индонезияның бидай импортына деген сұранысы 13 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін. Біз Индонезияның ұн өнеркәсібіне жоғары сапалы, желімтегі жоғары бидайды тұрақты түрде жеткізуге дайынбыз.

Аирлангга Хартарто, Индонезияның экономикалық істер жөніндегі үйлестіруші министрі:

- Біз екі ел арасындағы еркін сауда айналымын қалыптастыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ Индонезия мен Еуразиялық экономикалық одақтың Іскерлік кеңесін құруды ұсынамыз. Индонезия Қазақстандағы перспективалы салаларда бірлесе жұмыс істеуге дайын. Қазіргі уақытта инвестиция, энергетика, цифрлық трансформация, туризм, стандарттау, денсаулық сақтау салалары мен бизнес қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимыл бойынша бірқатар екі жақты бастамалар қолға алынды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz