RU
Толық нұсқаға өту

Шығыс Азияға ет экспортталуы мүмкін

13.05.2026, 08:30 31

Қазақстан ет экспортын ұлғайтады. Биыл өнім Шығыс Азия елдеріне жөнелтілуі мүмкін.

Ауыл шаруашылық саласындағы тағы бір жаңалық субсиядия берілетін су үнемдегіш жабдықтардың тізімі қайта қаралады. 

Қазақстаннан мал етін сатып алатын серіктес елдер көбейеді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, жаңа нарықтар қарастырылып жатыр. Солардың ішінде биыл Оңтүстік Корея, Жапония және Түркиямен сауда-саттық келісімі жасалуы мүмкін. Қазірдің өзінде біздің ел 14 мемлекетке қой етін, 8 мемлекетке сиыр етін экспорттайды. Былтыр 84 мың тонна өнім шетелге сатылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 43 пайызға көп. Вице-министр басты серіктес ретінде Өзбекстан мен Тәжікстанды атады. Отандық тауарға сұраныстың артуы негізгі екі фактормен тікелей байланысты. Ең алдымен өнім сапасы жоғары, екіншіден, логистика қолайлы болып тұр.

Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Біз ешқандай бәсекелестік көріп тұрған жоқпыз. Өзге мемлекеттермен салыстырғанда қазақстандық еттің сапасы жоғары. Оның үстіне көрші мемлекеттер үшін логистикамыз қолайлы. Ал логистиканың қолайлы болуы бағаға оң әсер етеді. Жыл сайын жаңа нарықтар ашылып жатыр. Биыл да экспорт әлеуетін арттыруды көздеп отырмыз.

Субсидия берілетін гидрожабдық тізімі кеңейеді

Субсидия қарастырылған гидрожабдықтардың тізімі ұзаруы ықтимал. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров осылай деді. Бұл бастама арқылы шаруаларды су үнемдеуге ынталандыру көзделген. Бүгінгі таңда демеу-қаржы лазерлік жоспарлау, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері үшін беріледі. Мұндай технология қолданылатын суармалы жердің жалпы аумағы 543 мың гектардан асты. Ал 2030 жылға қарай 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы үш жылдың ішінде осы мақсатта 228 млрд теңге жұмсалады. Сонымен қатар оңтүстік өңірлерде егістік алқабы үшін су тұтыну көлеміне белгілі бір шектеу қойылды.

Нұрлан Алдамжаров, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:

- Қызылорда облысы бойынша негізгі күріштің дақылы 70 мың га дейін қысқартылды. Оның су лимиті 3,2 млрд текше метр деп белгілі болды. Түркістан облысы бойынша лимитті 3,8 млрд деп белгілеп отырмыз. Бұл сол аумақтағы егілетін суармалы жерлерге жеткілікті. Одан бөлек Жамбыл облысында су шаруашылық жағдайына байланысты біз 900 млн кубқа лимитті бекітіп отырмыз.

Алқаптың тарылуы бағаға қалай әсер етеді?

Агроөнеркәсіп саласын әртараптандыруға және суды көп қажет ететін дақылдарды азайтуға басымдық беріліп жатыр. Соның ішінде бидай мен күріш алқаптары тарылады. Нақтырақ айтқанда, алғашқысы 125 мың, ал кейінгісі 20 мың гектарға қысқартылып отыр. Қазақстан күні бүгінге дейін өнімді ішкі нарықпен қоса, экспортқа да жөнелтіп келеді. Егістік алқабының тарылуы тауар көлемі мен бағаға қалай әсер етуі мүмкін? Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Азат Сұлтанов бұған қатысты пікір білдірді.

Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Мемлекеттің қабылданған шаралардың арқасында қаншама жыл нанның бағасы бізде тұрақты, өзіңіз білетіндей. Енді күрішті айту керек. Осы жылдан бастап Су министрлігінің болжамына да сәйкес, егістік жерлерді жоспарладық. Күріштің көлемі 70 мың га құрайды. Осы көлемнен өнім алса да, ол біздің бидай сияқты ішкі нарыққа сұранысты толық қамтамасыз етеді. Ешқандай қауіп жоқ.

Элеваторлардың қуаты артады

Елде элеваторлардың қуаты артады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мұндай нысандарды салу және жаңғырту үшін жеңілдетілген несие беріледі. Тиісті Жол картасы әзірленген. Соның негізінде элеваторлардың өндірістік қуатын 1 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz