Қазақстанның банк секторы макроэкономикалық сын-қатерлерге қарамастан тұрақты өсім көрсетіп келеді. Негізгі индикаторлардың бірі саналатын екінші деңгейлі банктердің активтері нарықтағы өзгерістер мен қаржы ұйымдарының позицияларын айқын көрсетеді, деп хабарлайды «24KZ».
2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан банк секторының жиынтық активтері 70,5 трлн теңгеге жетті. Бір ай ішінде көрсеткіш 0,7%-ға, яғни 500 млрд теңгеден астам сомаға ұлғайды. Айта кетейік, бұған дейін қатарынан екі ай бойы төмендеу тіркелген болатын.
23 екінші деңгейлі банктің 14-і актив өсімін көрсетсе, 9 банкте керісінше төмендеу байқалды.
Айлық өсім бойынша көшбасшы ForteBank атанды. Банк активтері бір айда 173,5 млрд теңгеге немесе 3,5%-ға артты. Нәтижесінде қаржы институтының активтері 5 трлн теңгеден асты.
Сәуір айының соңында банк 2025 жылдың қорытындысын жариялап, таза пайда көлемі 191 млрд теңгені құрағанын мәлімдеді. Ал меншікті капиталдың табыстылығы (ROE) 32,9%-ға жетіп, елдегі ең жоғары көрсеткіштердің біріне айналды.
Айлық өсім бойынша екінші орынды Halyk Bank иеленді. Банк активтері 162,9 млрд теңгеге немесе 0,8%-ға көбейді.
Үздік үштікті Bank of China Kazakhstan түйіндеді. Оның активтері 153,3 млрд теңгеге артқан.
Сондай-ақ алғашқы бестікке Отбасы Банк (+120,2 млрд тг) пен Kaspi Bank (+107,3 млрд тг) кірді.
Жалпы алғанда,Қазақстанның банк секторы соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп келеді. Бір жыл ішінде екінші деңгейлі банктердің активтері шамамен 14%-ға артса, соңғы бес жылда екі еседен астам ұлғайған. Ал орташа жылдық өсім қарқыны 16,8%-ды құрады.
Тегтер #ұлттық экономика #банк секторы #актив #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz