2025 жылы Қазақстандағы фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңге болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,7%-ға артық, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, салаға салынған инвестиция көлемі 142,8 млн АҚШ долларына жетсе, фармацевтикалық өнім экспорты 84 млн АҚШ долларына дейін өсті.
Қазіргі таңда елде 209 отандық тауар өндіруші тіркелген, оның ішінде 43 дәрілік зат өндіруші және 166 медициналық бұйым өндіруші бар. Қазақстандық өндірушілердің табиғи көлемдегі үлесі 39,8%-ға жетті.
«Қазақстанның фармацевтикалық өнеркәсібі тұрақты өсімді көрсетіп отыр, өндірістік және инвестициялық әлеуетін нығайтуда, локализация деңгейін кеңейтуде және импортқа тәуелділікті азайту мен экспортқа бағытталған өндірісті дамытуға негіз қалыптастыруда», – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.
Вице-министр саланы қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде ұзақ мерзімді шарттар мен инвестициялық келісімдер екенін атап өтті.
2026 жылдың басындағы жағдай бойынша 31 қазақстандық өндірушімен 2 мыңнан астам атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізуге арналған 83 ұзақ мерзімді шарт қолданыста. 2025 жылдың желтоқсанынан бастап жалпы сомасы шамамен 360 млрд теңгені құрайтын инвестициялар туралы 7 келісім жасалған. Бұл жобаларды іске асыру 474 жаңа өнім атауын өндіруді жолға қоюға, 1 140-тан астам жұмыс орнын құруға және отандық фармацевтиканың экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді, -делінген хабарламада.
2026 жылдың ақпанында Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша дәрілік заттар айналымын реттеудің ұлттық жүйесінің жетілу деңгейі бойынша ТМД елдерінің ішінде үшінші деңгейге жеткен алғашқы ел болды.
Сонымен қатар, дәрілік заттарды тіркеу мерзімдерін қысқарту мақсатында «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша «Композиттік қызмет» пилоттық жобасы іске асырылуда.
Соның нәтижесінде рәсімдер уақыты 210 күннен 100 күнге дейін, яғни екі еседен астам қысқарды. Жоғары реттеушілік стандарттары бар елдерден келетін препараттар үшін жеделдетілген тіркеу тәртібі енгізіліп, мерзім 15 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
Тегтер #Қазақстан #Денсаулық #экономика #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz