Былтыр Түркістан облысының сыртқы тауар айналымы 3,5 млрд долларға жетіп, өсім 34%-ды құрады.
Соңғы үш жылда экспорт көлемі 142%-ға ұлғайып, өткен жылы 1,8 млрд долларға жеткен. Бұл туралы этно-туристік кешенде өңірдің зиялы қауым өкілдерімен, кәсіпкерлерімен және белсенді азаматтармен кездескен аймақ басшысы Нұралхан Көшеров мәлімдеді.
Алып киіз үйде саммит қорытындысы мен өңір экономикасы кеңінен талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров саммит қорытындысы бойынша Президент жоғары баға бергенін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті дамыту, инвестиция тарту және импортты алмастыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанын жеткізді.
Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:
- Талдау жұмыстары өңір экономикасының әлсіз тұстарын анықтауға және шикізаттық экспорттан жоғары өңделген, қосымша құн бойынша нақты стратегиялық шаралар қабылдадық. Біз шикізатымыз бар, тауар шығарамыз. Бірақ оны терең өңдемейміз. Оны басқа елдер алып кетіп, бізге сол тауар 10 есе қымбат бағамен келіп жатыр. Біз осыны өзгеруіміз керек. Өзіміз терең өңдеуіміз керек. Сол бағытта жұмыс істесек, біздің өңір экономиасы бұдан да жақсарады.
Осыған орай облыс әкімі аудан-қала әкімдеріне дайын шикізаттық талдаулар мен бизнес-кейстер әзірлеп, өз аумақтарына импортты алмастыратын инвестиция тартуды тапсырды. Бүгінге дейін өңірде импортты алмастыруға бағытталған 31 инвестициялық жоба іске асырылды.
Омар Бақтыкерей, «Ақниет» холдинг компаниясының негізін қалаушы:
- Біз осы уақытқа дейін 2 мыңнан астам оқу орындарын, 500-ден астам ауруханаларды, 200 балабашаны заманауи жиһазбен жабдықтадық. Қазір өндірісіміз 20 мың шаршы метрге жетіп, 200-ден атсам жұмыс орны ашылды. ендігі мақсатымыз 50 мың шаршы метрге жеткізіп, қажетті шикізаттарды сырттан алып келмей, өзімізде шығарамыз деген үміттеміз.
Өткен жылы облыс экономикасына 1,7 трлн теңгеге инвестиция тартылды. Жалпы құны 340 млрд теңге болатын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл да осы қарқынды сақтау көзделіп отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Түркістан #экспорт #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz