RU
Толық нұсқаға өту

Алматы облысында 12 индустриялды аймақ құрылады

20.05.2026, 21:20 45

Алматы облысында тағы 12 индустриялық аймақ құрылады. Қазір өңірде 21 алаң жұмыс істеп тұр және олардың бәрі кәсіп иелеріне берілген.

Ал жаңа аймақтар заманауи өндірістер ашуға, жұмыс орындарын құруға және өңір экономикасына қосымша инвестициялар тартуға көмектеседі. Өңірдегі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалардың іске асуымен премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев танысты.

Алматы облысында индустриялды аймақтар 8 мың гектардан астам аумақты алып жатыр. Мұндағы жобаларға салынған инвестицияның жалпы көлемі бір триллион теңгеге жуық. Қазір іске асырылып жатқан 41 инвестициялық жобаның ішіндегі ірі алаңдардың бірі - "Қайрат" индустриялық аймағы. Ол толығымен инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, өткен жылдың соңында пайдалануға берілген. Бүгінде мұнда 24 инвестициялық жоба бар. Жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Нәлібаев индустриялық аймақты одан әрі кеңейту және жаңа өнеркәсіптік алаңдарды дамыту жоспарымен танысты.

Әсет Масабаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Бұдан бөлек жоспар аясында Алматы облысында 12 жоба индустриялық аймақтар жасап жатырмыз. Бұдан бөлек 750 млнға 175 гектарға China construction Қытай мемлекеті мекемесі осы жерде ақша салуды жоспарлап отыр. Бізден қазір сұрап отырғаны инфрақұрылым құрылысын өздері бастап, EPC тетігі арқылы қаржыны біз болашақта қайтарып берсек. Біз қазір бұл кісілермен келістік, 1,5 айдың ішінде техникалық-экономикалық негіздемесін дайындап береді. Осы негіздеме аясында ары қарай жұмысты жалғастыратын боламыз.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Біз қолдаймыз. Мемлекет басшысы да үнемі тапсырады: инвестиция тартыңдар, тұрақты жұмыс орындары керек. Сондықтан біз қолдау көрсетеміз. Басқа өңірлерде де салатын болсаңыздар, біз дайынбыз. Өйткені басқа өңірлерді толмай жатқан осындай индустриялық аймақтар бар. Соған да барамын десеңіздер, біз қолдаймыз. Алматы облысына салғандарыңыз өте дұрыс, жаңа облыс өте керемет қолдау.

Әкімдіктің мәліметінше, инвесторлар Алматы облысында тағы 20-дан астам жаңа өндіріс ашуды жоспарлап отыр. Инвестицияның жалпы көлемі 1 миллиард доллардан асуы мүмкін. Өткен жылы өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1 триллион 300 миллиард теңгеден асты. Қазір облыста жаңа кәсіпорындар іске қосылып, шағын өндіріс ошақтары кеңейтілуде. Жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Нәлібаев күн панельдері мен темірбетон бұйымдарын шығаратын зауытқа барды. Жеке инвесторлар жобаға 34 миллиард теңге құйған. Бүгінгі таңда кәсіпорын өнімдері ішкі нарықтан бөлек көрші елдерге де экспортталуда.

Нұрбол Берікболұлы, компания директоры:

- Әрі қарай енді осы өндірісімізді дамытсақ деген ойымыз бар. Сонымен қатар, металлоконструкция іске қосылып жатыр, ол жерде бізде карьерге арналған оборудованиелер шығарылады және прицептер шығарылады. Прицептер бізде ауыр жүк көліктерін тасуға арналған прицептер, және контейнер таситын прицептер шығарылады. Осы бағытта дамытсақ деп отырмыз компаниямызды.

Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің жылу энергетика, газбен жабдықтау және жол инфрақұрылымын дамыту жобаларымен танысты. Облыста "Алматы–Талғар" және "Алматы–Бішкек" күрежолдарын кеңейту, сондай-ақ "Кеген"өткізу бекетін жаңғырту жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл жобалар көлік кептелісін азайтып, жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жанат Өтепбергенов,  «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:

- Алматы-Бішкек 19-27 шақырым аралығын, Алматы-Талғар 13-21 шақырым аралығын қазіргі таңда соның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеудеміз. Атап айтқанда, Алматы-Бішкек тасжолында біз кептелістерді азайту мақсатында екі жолайрығын көздепотырмыз таға типті, одан бөлек жолымызды төрт жолақтан сегіз жолаққа кеңейту көзделіп отыр. Одан бөлек жаяу жүргіншілерге арналған 9 көпір салынатын болады.

Сапар барысында Alatau city дамуына ерекше назар аударылды. Қазір мұнда 1,5 триллион теңге сомасына 40 басым жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Мамандардың есебі бойынша бұл жобалар жүзеге асса, 25 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Нұрлыбек Нәлібаев инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы іске асыруды, коммуналдық жүйелердің тұрақты жұмысын және өңірдің инвестициялық бастамаларын одан әрі қолдауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Гулим Советхан, Аманжол Жонкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz