RU
Толық нұсқаға өту
Фото: gov.kz

Қазақстанның Қытайға агроөнім экспорты 82,4%-ға артты

21.05.2026, 09:11 32

2025 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 36,8%-ға өсіп, 1,97 млрд АҚШ доллар болды. Ал биылғы жылдың қаңтар–наурыз айларында бұл көрсеткіш 61,7%-ға артып, 697 млн долларға жетті, деп хабарлайды «24KZ».

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Қытай Халық Республикасының Азық-түлік және стратегиялық резервтер жөніндегі мемлекеттік басқармасының (NAFRA) басшысы Лю Хуаньсиньмен кездесуінде айтылды.

Былтыр Қытайға экспортталған агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің көлемі 35,3%-ға өсіп, 1,43 млрд АҚШ доллары болды. Негізінен мал азығы, өсімдік майлары, зығыр және күнбағыс тұқымдары, рапс майы экспортталды. Ал биыл алғашқы үш айда экспорт көлемі 82,4%-ға артып, 550 млн доллар болды.

Қазіргі уақытта екі ел арасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің 34 түрін экспорттауға қатысты хаттамаларға қол қойылған. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдерінің 21 түрі және мал шаруашылығы өнімдерінің 13 түрі бар. Қытайға өнім тасымалдауға рұқсат етілген тізілімге 3601 кәсіпорын енгізілген.

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын кеңейту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мәселелерін талқылады.

Кездесуде бірлескен қазақ-қытай астық сауда платформасын құру туралы келісімге қол жеткізілді. Жоба «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қытай мен Орталық Азия елдерінің іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
Бұл алаң Қытай тарапының қолданыстағы Ұлттық интернет-астық сауда платформасы негізінде құрылып, екі елдің бизнес өкілдеріне бәсекелі сауда-саттық пен тікелей келіссөздер арқылы мәмілелер жасауға мүмкіндік береді.
Негізгі өнім түрі соя мен басқа да майлы және май өндіруге арналған дақылдарға бағытталады.

Сонымен қатар, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен NAFRA арасында өзара түсіністік туралы меморандумға, сондай-ақ «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы мен NAFRA жанындағы Астық саудасын үйлестіру орталығы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz