RU
Толық нұсқаға өту

АӨК: биыл 481,9 млрд теңге инвестиция тартылды

21.05.2026, 21:00 18

Биыл алғашқы төрт айда отандық агроөнеркәсіп кешеніне 481,9 млрд теңге инвестиция тартылды. 

Былтыр бұл көрсеткіш 1 трлн 643 млрд теңгеге жеткен еді. Жалпы саланың қай секторларына басымдық берілген? 

Биыл жыл соңына дейін жалпы құны 875 млрд теңгеге тең 157 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Ақмола облысында жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 57 жоба жүзеге асып жатыр. Қытай инвесторының қатысуымен астықты терең өңдеу зауытының құрылысы басталды. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 1 млн тонна шикізат өндіруге қауқарлы. Инвестиция көлемі – 300 млрд. теңге, 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Қостанай облысында жалпы құны 553 млрд теңге болатын 42 жоба және Түркістан облысында жалпы құны 196 млрд теңгеге тең 44 жоба бар.

Ақылжан Әуезов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департаментінің басқарма сарапшысы:

- Ауыл және балық шаруашылығына салынған инвестициялар – 1 162 млрд. теңге. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 127%, 918,6 млрд. теңге. Азық-түлік өнімдеріне салынған инвестициялар – 389,4 млрд. теңге. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 215%, 180,8 млрд. теңге. Алкогольсіз сусындар өндірісіне салынған инвестициялар – 91,4 млрд. теңге 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 405%, 22,5 млрд. теңге.

Биыл 4 айдағы статистикаға сәйкес, отандық агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі шамамен 482 млрд. теңгені құрады. Көшбасшы өңірлер: Жамбыл облысы – 96 млрд тг, Алматы облысы – 61,6 млрд тг және Солтүстік Қазақстан облысы – 61,4 млрд тг.

Ақылжан Әуезов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департаментінің басқарма сарапшысы:

- Мемлекеттердің ішінен алатын болсақ, ең белсенді инвесторлар Түркия мен Қытайды атауға болады. Түркия тарапынан жалпы сомасы 1 млрд. АҚШ долларынан асатын 5 жоба іске асырылап жатыр. Қытай тарапынан жалпы сомасы 1 млрд. АҚШ долларынан асатын «Fufeng», «Lihua», «Dalian» үш жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы отандық АӨК мемлекеттік қолдау жүйесі қайта қаралып жатыр. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу аясында бюджет қаражатын бақылау күшейтіледі. Тиімсіз субсидиялау кезең-кезеңімен қысқарып, ашықтық пен нәтижеге басымдық беріледі. Осыған байланысты «Игілік» және «Береке» бағдарламалары ұсынылды. Яғни асыл тұқымды мал сатып алуға жылдық 6% таза мөлшерлемемен субсидиясыз қаржыландыру қарастырылған. Биыл мал шаруашылығын субсидиялауға 120 млрд тг астам қаражат бөлінді. Өткен жылы бұл сома шамамен 90 млрд теңге болған. Кейінгі 5 жылда саланы дамытуға шамамен 600 млрд теңге бағытталған.

Бағлан Аймұрзаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры:

- Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы селекциялық асылдандыру жұмыстарына субсидияны біз алып тастадық. Әрине, бұл жерде әкімшілік тұрғыдан көптеген қиындықтар болды. Оны әкімшілендіру мүмкін емес болғаннан кейін ол субсидияны біз алып тастаған болатынбыз. Ақырындап жеңілдетілген несиелеуге көшіп жатырмыз.

Қазақстан 2028 жылдың соңына дейін 4,9 трлн теңгеге тең 404 жобаны іске асыруды көздеп отыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz