RU
Толық нұсқаға өту

Франция Қызылорда облысына қаржы құяды

22.05.2026, 15:20 93

Қызылорда облысы агроөнеркәсіп саласына жаңа инвестициялар тартуды және суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беруді көздеп отыр.

Францияға жұмыс сапары аясында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев бастаған делегация инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, тұқым шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және жаңа агротехнологияларды енгізу бағытында бірнеше меморандумға қол қойды.

Қызылорда облысына инвестиция тарту мақсатында жүргізілген келіссөздер нәтижелі аяқталды. Жұмыс сапары кезінде бірнеше француз компаниясымен су ресурстарын тиімді басқару туралы кездесу өтті. Басты назар – суды аз қажет ететін дақылдарды өсіруге бағытталған. Осыған байланысты Франциядағы тұқым өндіру және сұрыптау саласындағы жетекші компаниялардың бірімен келісім жасалды. Енді жүгері мен күнбағыс тұқымдарын жеткізуді арттыру, сондай-ақ облыстың климаттық жағдайына бейімделген гибридті өсімдіктерге егістікте сынақтар жүргізіледі. Ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға компания, облыс әкімдігі және Harvest Agro холдингінің өкілдері қол қойды.

Кузен Людовик, Mas Seeds компаниясының бас директоры:

- Біз айналысатын жүгері мен күнбағыс тұқымдары саласындағы цикл өте ұзақ. Бұл бір жылдық емес, бірнеше жылға жоспарланатын жұмыс. Сондықтан біз үшін тұрақтылық пен ұзақмерзімді серіктестік аса маңызды. Бұл бағытта ынтымақтастығымыз жарасып келеді. Ал бүгінгі кездесу оны жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Енді зерттеу жұмыстарынан бастап өндіріс пен өнімді Қазақстан нарығына шығаруға дейінгі толық тізбек қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз.

Ірі агроөнеркәсіптік кластер құру жобасы аясында тоқыма және құрылыста сұранысқа ие техникалық қарасора өсіріледі. Өңірде оны 32 мың гектар аумаққа егу жоспарланып отыр. Бұл бағыт бойынша Hemp-it компаниясымен үшжақты меморандумға қол қойылды. Тараптар заманауи тұқым өндіру технологияларын пайдалана отырып, қарасораны өсіріп, кейін өңдеуге ниетті. Болашақта бұл шикізаттан құрылыс материалдарын, май өнімдерін және медицина саласына арналған тауарларды өндіруге болады.

Ардақ Зебешев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

- Негізгі мақсатымыз Қызылорда өңірінде қазіргі су тапшылығын ескере отырып, жаңа технологияларды жаңбырлатып суару, машиналарды тарту бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Оның маңайында тағы да басқа да өндірістерді қарап, бүгін бірнеше меморандумға қол қойдық. Басты назар аударып отырған саламыз ауыл шаруашылық саласы. Оның ішінде Харвест груп компаниясымен бірге біріншіден сол жүгері тұқымдарын өндіріп, уақытылы соны егуге арналған өндіріс ашу. Және сол компанияның арнайы техникалық қарасора егу бойынша жұмыстар келесі жылы басталатын болады.

Қызылорда облысына инвестиция тарту мүмкіндіктері Франция бизнесінің ең ірі бірлестігі MEDEF алаңында да талқыланды. Мұнда түрлі саладағы 15-тен астам компания өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Онда тараптар негізінен ағын суларды, сирек кездесетін металдарды қайта өңдеу, инфрақұрылым салу және агроөнеркәсіп кешенін дамыту тақырыптарын қозғады. Бүгінде өңір инвесторларға 6 индустриялық аймақ пен «Қорқыт ата» арнайы экономикалық аймағын ұсынып отыр.

Жеральдин Лембле, MEDEF ұйымы бас директорының орынбасары:

- Бұл ынтымақтастықтың әлеуетін жоғары деп бағалап отырмыз. Ел бұл бағытты әртараптандыруға әрі өндіріс тиімділігін арттыруға мүдделі. Менің ойымша, француз компаниялары үшін қазақстандық серіктестермен өзара байланысты арттыруға мүмкіндік көп.

Биыл Қызылорда облысында жалпы құны 212 миллион доллар болатын 21 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның бір бөлігі агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларына тиесілі.

Авторлары: Айдана Карибжанова, Руслан Омиржан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz