Астанада экопарк пайда болады. Биыл инвестициялық жобаның алғашқы кезеңі аяқталады. Мұндай бастамалар елорданың туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Былтыр бас қаламызға бір жарым млннан астам саяхатшы келген. Алдыңғы жылға қарағанда едәуір өсім бар. Әсіресе Түркия, Қытай және АҚШ-тан келушілер көбейді. Туристерді не қызықтырады? Қала қазынасы қаншаға толықты?
Астананың ажары ай санап айшықталып, арман қалаға айналды. Елдің әр өңірінен ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып жатыр. Оған статистика дәлел. Былтырдың өзінде Бас қаламызға бір млн 600 мыңнан астам саяхатшы келген. Бұл алдыңғы жылдағымен салыстырғанда 7 пайызға көп. Меймандардың 400 мыңға жуығы - шетелдік.
Олардың ішінде Ресей, Қытай, Түркия, Өзбекстан және АҚШ азаматтарының үлесі басым. Саяхатшылар ең әуелі астананың символы - Бәйтерекке, тарихи музейлерге, Орталық Азиядағы ең үлкен мешітке, ботаникалық баққа және Хан шатыр сауда орталығына барады. Таяуда ғана қолданысқа берілген LRT-да туристердің қызығушылығын арттырып отыр.
Нұрайым Малыбек, Туристік ақпарат орталығының менеджері:
- Елордамыздың заманауи ғимараттары туралы сұрайды. Олар қандай ғимараттар, олардың ішінде не бар деген сияқты. Сол сұрақтарға біз жауап береміз де, карта бойынша, суреттері бойынша түрлі экскурсиялар жүргізіп, ақпарат береміз. Сондай-ақ өзіміз қолданатын әр түрлі қосымшаларды қалай жүктеу керек екенін, қалай қолдану керек екенін айтып, жүктеп, тіркеп береміз.
Бақыт Ақсақал, турист, Өзбекстан азаматы:
- Мен Өзбекстаннан келдім. Астананы көріп шықтым. Шырайлы жер екен. Бәйтерек, Ақорда деген жер бар екен. Астана халқы жайлы екен.
Астанаға келген туристер
2025 ж - 1,6 млн
Өсім - 7%
Шетел азаматы - 380 000
Экопарк пен жаңа қонақ үйлер ашылады
Астанаға келген туристер орташа есеппен тәулігіне 118 мың теңге жұмсайды. Аstana turizm орталығының есебі осындай. Туризм саласы елорданың экономикасына тікелей оң әсер етіп отыр. Былтыр қонақүйлер мен хостелдер 74 млрд теңге табыс тапқан. Бұл көрсеткіш 14 пайызға артқаны байқалады. Қалада жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірқатарына тоқталсақ, Кіші Талдыкөлде экопарк ашылады. Қазір су қоймасының жекелеген учаскелерін тазарту және түбін тереңдету жұмыстары қолға алынды. Биыл жобаның алғашқы кезеңі аяқталады. Ал келесі жылы толық іске қосылады. Сондай-ақ 4 және 5 жұлдызда жаңа қонақүйлер бой көтереді. Екі мейманхананың құрылысына, жалпы алғанда, 25 млрд теңге жұмсалады.
Саят Оразтай, Astana Tourism орталығы Инфрақұрылым және іс-шараларды қолдау департаментінің директоры:
- Салаға салынған инвестициялар 75 пайызға артып, 438 млрд теңгені құрады. Бір туристің орташа шығыны тәулігіне 118 мың теңге. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Медициналық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. 2026 жылы шетелдік мамандар үшін ақпараттық турлар ұйымдастырылып, халықаралық көрмелерге қатысып жатырмыз.
Туристердің 31%-ы іскерлік мақсатта келген
Астанаға келген туристердің 31 пайызы ғана іскерлік мақсатта келсе, қалғаны демалуға, іс-шараларға қатысуға және сауда-саттық жасауға келеді. Биылдың өзінде Өңірлік экологиялық саммитке 20 мыңдай адам қатысты. Ал Solana халықаралық фестивалі мен PGL ASTANA киберспорт турнирін қоса алғанда, 60 мыңнан астам турист келді. Ауқымды іс-шаралар жоспары одан әрі жалғасады. Мәселен, болашақ ойындары, Байқымыз фестивалі және әлем жұлдыздары бас қосатын өнер кештері күтіп тұр.
Саят Оразтай, Astana Tourism орталығы Инфрақұрылым және іс-шараларды қолдау департаментінің директоры:
- Осы жылы мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарлануда. Олардың қатарында «Болашақ ойындары», «Коми-кон» фестивалі, цирк гострольдері, Энрике Иглесиас концерттері бар.
Қазақстанға былтыр 16 млнға жуық турист келген. Қонақ үйлер мен хостелдердің табысы 350 млрд теңгеден асты. Ең көп сұранысқа ие туристік аумақтар қатарында Астанамен қатар, Бурабай курорттық аймағы, Алматы тау кластері мен Маңғыстау өңірі бар.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #туризм #Астана #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz