RU
Толық нұсқаға өту

Қостанайда заманауи жиһаз фабрикасы ашылды

25.05.2026, 22:20 33

Қостанай облысында өңдеу өнеркәсібінің үлесі жыл санап артып келеді.

 Мысалы, бүгінде түрлі жиһаз жасайтын 27 кәсіпорын бар. Олар былтыр 5 миллиард теңгенің жиһазын шығарған. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өндірістің өнімділігі 50 процентке артқан. Қалада тағы бір заманауи жабдықталған жиһаз фабрикасы ашылды.

Бұл Қостанайдағы ең ірі жиһаз фабрикасы. Өндірістік аумағы 12 мың шаршы метр. Кәсіпорында 120 адам жұмыс істейді. Жоба мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асты.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шағын  және орта бизнесті қолдау басты назарда. Оларға берілетін несие шарттары жыл сайын жеңілдетіліп, проценттік мөлшерлемесі субсидияланады. 2025 жылы біздегі шағын және орта бизнесті қаржыландыруға 1 трлн-ға жуық теңге жұмсалды. Бұл 2022 жылмен салыстырсақ екі есе көп.

Кәсіпкерлікті кешенді дамыту бағдарламасы бойынша жиһаз фабрикасын салуға 1,5 миллиард теңге жеңілдетілген несие бөлінді. Бұл ақшаға олар өндірістік ғимараттар тұрғызып, жоғары техниологиялы құрал-жабдықтар сатып алған.

Кайрат Игіліков, KIRA жиһаз компаниясының директоры:

– Индустрия 4.0 технологияларын еңгіземіз. Яғни робот, автоматты басқару техникаларын  орнатамыз. Бұл қол жұмысын біршама жеңілдетеді. Барлық өндірістік кезең осында атқарылатын болады. Қазіргі кезде бояу мен металл өңдеуден басқасының бәрі осы фабрикада істеледі.

Өңірдегі жиһаз өндіретін кәсіпорындар былтыр 5 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Жергілікті кәсіпкерлер жиһаздың сыртқы қаптамасын, басқа жинтықтар өндірісін игеріп алған.

Кұмар Ақсақалов, облыс әкімі:

– Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қостанай облысы өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі жағынан елімізде 4-орынға шықты. Бұл саланы әлі де дамыту басты міндет болып қала бермек.

Жергілікті жиһаз өндірушілерді қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламамен салынатын нысандарды отандық өнімдерімен жабдықтау жағы қарастырылып жатыр.

Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz