Павлодар облысының Ресеймен сауда-экономикалық ынтымақтастығы нығайып келеді.
Биылғы жылдың алғашқы екі айының қорытындысы бойынша арадағы тауар айналымы 200 миллион АҚШ долларынан асты. Ал өңірдің сыртқы саудасындағы көршінің үлесі 26 пайызға жетті.
Павлодар облысы Ресейдің үш облысымен шекаралас. Екі ел арасындағы алыс-беріс үзілген емес. Соңғы жылдары бірлескен бірнеше кәсіпорын іске қосылды. Соның бірі автомобиль дискілерін шығаратын зауыт. Металл өңдеу зауытында 90 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Өнімнің басым бөлігі экспортқа шығарылады.
Қуаныш Балтабаев, кәсіпорын басшысының орынбасары:
- Біздің кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 300 мың дөңгелек шығаруға қауқарлы. Дәл қазір айына 25 мың дөңгелек шығарамыз. Оның 80 проценті Ресейге экспортталады. 20 проценті Қазақстанда қалады.
«Павлодар» экономикалық аймағында тағы бірнеше кәсіпорын салу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Жобалардың басым бөлігі ірі металлургиялық өнімдер шығаратын өндіріс салуға бағытталған. Ең бастысы — экологияға зиян келтірмейтін, заманауи үлгідегі кәсіпорындарды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл орайда инвесторларға бірқатар жеңілдік қарастырылған.
Жақан Рақышев, «Павлодар» АЭА бас инженері:
- «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы ресейлік капиталдың қатысуымен бес кәсіпорынды орналастырып отыр. Бұл кәсіпорындар экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде кіріп, тіркелгеннен кейін салықтық және кедендік төлемдердің бір бөлігінен босатылады.
Былтыр облыс әкімдігі мен Омбы облысы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және гуманитарлық салаларды қамтиды. Өңіраралық әріптестікті дамыту шаралары үздікіз жүргізіледі, дейді жауаптылар.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков
Тегтер #Павлодар облысы #Ресей #сауда айналымы #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz