RU
Толық нұсқаға өту

Петропавлда 140 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді

28.05.2026, 07:20 34

Петропавлда Ресеймен бірлескен төрт зауыт салынады. Өнеркәсіп жобаларына 50 миллиард теңге инвестиция тартылады.

Отандық экономикаға қаржы құйған инвесторлар корпоративтік табыс, мүлік, жер, импорт салықтары және кедендік баждан босатылады. Сонымен бірге инфрақұрылым мәселесін мемлекет өз есебінен атқарады. 

Бұл - «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында салынып жатқан кондитерлік өнімдер зауыты. Жоба құны – 37 млрд теңге. Қазір кәсіпорынның өндірістік және әкімшілік ғимараттары бой көтерген. Енді озық қондырғылар орнатылып жатыр. Ресейлік инвесторға жер аумағы ұзақ мерзімге жалға беріліп, инфрақұрылым тартылды.

Марина Баяндина, кәсіпорынның бас директоры:

- Былтыр кәсіпорын аумағына қала бюджеті есебінен жылу құбыры тартылды. Су мен кәріз жүйесі іске қосылды. Енді жарық мәселесі қалды. Бұл біз үшін үлкен қолдау. Жалпы Қазақстан мен Ресейдің, оның ішінде шекаралас аймақтардың қарым-қатынасы бұрыннан қалыптасқан десе болады.

Кәсіпорында жылына 15 мың тонна кондитерлік өнім шығарылады. 400-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Одан бөлек арнайы экономикалық аймақта көтергіш көлік жабдықтары, жеңіл бетон және бетон материалдарын шығаратын зауыттар іске қосылмақ.

Дархан Әмрин, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарымен өнеркәсіптік кооперация құрылған. Петропавлда инвесторлар үшін «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Биыл онда ресейлік кәсіпкерлермен екі жоба іске қосылады.

Солтүстік Қазақстан облысында ресейліктермен бірлескен 140 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар экономиканың сан саласын қамтып, нарықтағы бәсекелестікті арттыруға жол ашып отыр. 

Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы сауда – экономикалық байланыс жыл сайын нығайып келеді. Мәселен өткен жылдың қорытындысы бойынша екі жақ арасындағы тауар айналымы 311 млрд теңгені құраған. Оның негізгі үлесі шекаралас аймақтарға тиесілі.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz