Қазақстан азаматтарының зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі 2026 жылдың 1 мамырына қарай 26,74 трлн теңгеге жетті. Жылдық өсім 15,8% немесе 3,64 трлн теңгені құраған, деп хабарлайды «24KZ».
Зейнетақы қоры берген мәліметке сәйкес, міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан жинақ көлемі 24,97 трлн теңге болды. Бұл бір жылда 14,1%-ға артқан.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша жинақтар 731,99 млрд теңгеге жетіп, 12 айда 10,6% өсім көрсетті. Ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар 9,76 млрд теңгені құрап, бір жыл ішінде 16,4%-ға артқан.
Сондай-ақ 2024 жылдың 1 қаңтарынан енгізілген жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) да өсім көрсетіп отыр. Бұл көрсеткіш 2026 жылдың 1 мамырына қарай 1 023,59 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 2,7 есеге артқан.
Жыл басынан бері салымшылардың шоттарына түскен түсім көлемі 1 184,98 млрд теңгені құрады. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары бойынша 914,11 млрд теңге, міндетті кәсіптік жарналар бойынша 51,04 млрд теңге, ерікті жарналар бойынша 640,89 млн теңге түскен. Жұмыс берушінің міндетті жарналары есебінен түскен қаражат 219,19 млрд теңгені құрады.
Осы кезеңде таза инвестициялық кіріс көлемі 41,61 млрд теңгеге жеткен.
Зейнетақы төлемдері мен аударымдар да жалғасуда. Қаңтар–сәуір айларында БЖЗҚ-дан жалпы 522,73 млрд теңге төленген. Оның ішінде зейнет жасына байланысты төлемдер 97,98 млрд теңгені құрады. Орташа айлық төлем мөлшері 38 952 теңге.
Бұдан бөлек, тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері 205,62 млрд теңгені құраған. Мұрагерлік бойынша 41,25 млрд теңге, шетелге тұрақты тұруға кеткендерге 14,21 млрд теңге төленген.
2026 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жалпы зейнетақы шоттарының саны 18,62 млн-ға жетті.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #БЖЗҚ #зейнетақыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz