RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Қазақстан арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді

28.05.2026, 11:53 54

Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форум аясында «Жаңа заман жағдайындағы еуразиялық сауда және логистика» атты сессия ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуеті, сауданы цифрландыру және инфрақұрылымдық жобаларды дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды «24KZ».

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, ел аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның 5-еуі теміржол, 8-і автомобиль бағыттары.

Министр Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы артып келе жатқанын айтты. Соңғы бес жылда бұл бағыттағы жүк тасымалы 6 есеге өсіп, 4,5 млн тоннаға жеткен.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша маршруттағы жүк тасымалы көлемі тағы 62%-ға ұлғайып, контейнерлік тасымал 2,7 есеге өсіп, 56,5 мың контейнерге жеткен. Қазіргі уақытта Орта дәліздің өткізу қабілеті жылына 6 млн тонна жүк пен 182 мың контейнерді құрайды. Қазақстан 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр» - деді Арман Шаққалиев.

Министр сондай-ақ Қазақстанның «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту жұмыстарын жалғастырып жатқанын айтты. Бұл бағыт Иран, Парсы шығанағы елдері, Үндістан және Пәкістан нарықтарына шығуға мүмкіндік береді.

«Елде Ақтау және Құрық порттарын дамыту, жаңа контейнерлік терминалдар мен логистикалық орталықтар салу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар Мойынты – Қызылжар, Дарбаза – Мақтаарал, Бақты – Аягөз, Алтынкөл – Жетіген және Бейнеу – Маңғыстау теміржол учаскелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде», деді министр.

Баяндама барысында трансшекаралық сауда-логистикалық хабтарды дамыту мәселесі де көтерілді. Қазіргі уақытта Қазақстан Қытаймен шекарадағы «Қорғас торабы», Ресей бағытындағы «Еуразия» сауда орталығы, «Каспий торабы», сондай-ақ Қырғызстан және Өзбекстанмен шекарадағы хабтарды дамытып жатыр.

Министрдің айтуынша, бұл жобалар сауданы жеделдетуге, логистиканы жеңілдетуге және шикізаттық емес экспорт көлемін ұлғайтуға бағытталған.

Сондай-ақ елде электрондық сауда да қарқынды дамуда. Қазір оның көлемі 4 трлн теңгеге жеткен.

Форумға қатысушылар Қазақстанның Еуразиядағы маңызды сауда және логистика хабына айналып келе жатқанын атап өтті.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz