RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде ішкі нарық отандық газбен қамтылады

29.05.2026, 08:47 76

Елдегі газ өңдеу зауыттарының алды келесі жылы пайдалануға беріледі. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады. 

Дәлірек айтқанда, Қашаған кен орнындағы нысанның құрылысы жыл аяғына дейін аяқталады. Осының өзі ішкі нарықты отандық газбен қамтуға сеп. Яғни жүзеге асып жатқан ірі жобалар жемісін беретін шақ алыс емес. 

Ал Еуразиялық экономикалық форум аясында Қазақстанның Орталық Азиядағы транзиттік хаб ретіндегі рөлі айқындалды. 

Қазақстан-Орталық Азиядағы газ хабы

Тасымалдау желісін жаңғыртуға басымдық берілді. Бұл Ресейден келетін табиғи газды Өзбекстан мен Қырғызстан нарығына транзиттеу мүмкіндігін арттырды. Дәл осы көлік дәлізі Ресей Федерациясына кері бағыттағы газ транзитін қамтамасыз етіп жатыр. Энергетика министрлігі осындай көпвекторлы бағыт отандық құбырларды құрлықтағы аса маңызды энергетикалық артерияға айналдырып жатқанын айтады.

Тимур Абдрешов, ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Екі ел арасындағы тағы бір байланыс – газ және тауарлық газды өңдеу саласы. Қарашығанақ пен Орынбор газ өңдеу зауыты арасындағы келісім бұрыннан бар. Яғни, осы келісім аясында Қарашығанақтан өндірілген газ Орынбор газ өңдеу зауытында өңделіп, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жалпы газ саласындағы мұндай бірлескен жұмыс инфрақұрылымды дамытуға, Орталық Азиядағы байланысты нығайтуға және мемлекетіміздің өңірлік газ хабы ретіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.

Жаңа зауыт газ импортын азайтады

Қарашығанақ кен орнынан алынатын шикі газ Ресейдегі Орынбор газ өңдеу зауытында өңделеді. Ол талай жылғы серіктестік аясында іске асып жатыр. Дегенмен елде 2029 жылға дейінгі газ саласын дамытудың кешенді жоспары қабылданған. Оған сай қуаты 5 млрд текше метр болатын Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салу қажет. Бұл Президенттің тапсырмасы. Мақсат – ішкі нарықтың тауарлық газға сұранысын өтеп, Орынбор ГӨЗ-іне тәуелді өңдеу қуаттарын әртараптандыру. Бұл импортты төмендетеді. Құзырлы министрлік жобаның экономикалық тиімділігі расталғанын мәлімдеді.

Ал биыл жылына млрд текше метр газ өңдейтін зауыт пайдалануға беріледі. Жоба Қашаған кен орнында жүзеге асып жатыр. Алғашқы нәтижені 2027 жылы көреміз. Энергетика министрлігі Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытын да осы кезеңде іске қоспақ. Бұл нысан жаңғыртудан өтіп жатыр. Үшінші зауытты да халық асыға күтіп отыр. Ол Қашағанда бой көтереді. Жылдық қуаты 2,5 млрд текше метр.

Мұнай-газ нарығында бәсеке күшті

Сарапшылар да мұнай мен газды ел ішінде өңдеу бастамасына оң баға беріп отыр. Алайда әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болу оңай еместігін де айтады.

Ғалым Хусаинов, экономист:

- Қазақстанның батыс өңірінде мұнай-химия кластері құрылып жатыр. Осылайша, өңдеу деңгейін арттырып, экспортқа шығаратын жаңа өнім түрлерін жасағымыз келеді. Алайда ескерер тұсымыз көп. Өйткені біз жартылай дайын өнім шығарумен шектелсек, тіпті шикі мұнайдың өзіне дес беруіміз мүмкін. Мұнайды нарыққа жеткізу әлдеқайда оңай. Оның жолы көп. Ал мұнай-химия өнімін құбырға сала алмаймыз. Демек шикізат пен дайын өнім тасымалдаудың шығыны әртүрлі. Сондықтан бізге не өндіретінімізді өте мұқият таңдап алу керек. Тіпті өңдеу деңгейін одан ары тереңдетіп, келесі сатыға қосылған құны жоғары дайын бұйымдар шығаруға көшуіміз қажет. Сонда ғана өнімнің құны тасымал шығынын ақтап, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болады.

Энергетика министрлігі: «Ішкі нарықтағы тұрақтылық басты назарда», - дейді. Демек газ, бензин және дизель отынын экспорттауға қойылған шектеулер әзірге алынбайды. Әйткенмен, жанармай бағасы нарықтық реттеуге өтіп жатыр.  Мемлекет бағаның күрт өсуіне жол бермейді, әрине. Бұл үшін арнайы жедел штабтар құрылған. Бәсекелестікті қорғау агенттігі де тұрақты мониторинг жүргізеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz