RU
Толық нұсқаға өту

Қауын экспорты басталды

03.06.2026, 07:20 26

Елде жыл сайын 2 жарым млн тоннадай қауын-қарбыз жиналады. Бірақ дүкен мен базар сөресінен аспайды. Яғни қайта өңдеу жағы ақсап тұр.

Отандық ғалымдар табиғи шырын өндірудің тың технологиясын ұсынып отыр. Бұл импортты азайтуға сеп. Тағы бір айта кетерлігі, кейінгі жылдары сусын өндірісіне инвестиция көптеп құйылып жатыр. Әсіресе Алматы облысында көрсеткіш жоғары. 

Түркістанның диқандары қауын мен қарбыз экспортын бастады. Мұнда қазір мың тоннадан аса өнім жиналды. Соның 220 тоннасы сыртқы нарыққа жөнелтілді. Көрсеткіш еселенеді. Биыл өңірдегі қарбыз алқабы 20 мың, ал қауын 42 мың гектарға егілді. Басым бөлігі Жетісай ауданында. Құзырлы министрлік егіске қажетті су жеткізілгенін мәлімдеді. 1 млрд текше метрдің 307 млн-ы осы Жетісайға тиесілі. Отандық қауын-қарбызды ішкі нарықтан бөлек, Ресей мен Беларусь халқы тұтынады. 

Шакирбой Раджапов, диқан:

-10 га дарбыз егілген. Бүгінге екі гектарын тапсырдық. Құдай қаласа, 8 га тұр. Енді соны 2-3 күнде тапсырамыз. Су қожалығы министрлігіне рахмет. Су жеткілті болып тұр.

Жоспарға сай биыл да 2 жарым млн тонна қауын бен қарбыз жиналады. Әрине, бұл үшін күн райының жайлы болуы маңызды. Оңтүстік өңірлерде 95 мың га аумаққа дақыл егілген. Су тапшылығы сезілмес үшін диқандар бірте-бірте тамшылатып суару технологияларын енгізуге міндетті. Өнімділік ойдағыдай болса, 98 пайызы ел ішінде қалады. Қалғаны экспортталады. Дегенмен мамандар шикізат күйінде емес, қайта өңделген өнім ретінде сату тиімді екенін айтып отыр. Өкінішке қарай ішкі нарықта қалатын дақылдың 5 пайызы ғана өңделеді. Ал консервіленген шырын, джем, басқа да өнім импорты 80 пайыз шамасында.

АӨК саласына инвестиция артты

Биыл елде қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 70 пайыздан асады. Қазір бұл салаға қарқынды түрде инвестиция салынып жатыр. Үш айда түскен 495 млрд теңгенің 291 млрд-ы ауыл шаруашылығына, 161 млрд теңгеден астамы азық-түлік, 42 млрд-тайы сусындар өндірісіне жұмсалды. Ұлттық экономикалық зерттеулер институтына сүйенсек, инвестициялық жобалардың дені Жамбыл, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында жүзеге асады. Тек мегаполистердегі көрсеткіш бәсең. Инвестиция бойынша көш бастап тұрған Жамбыл өңірінде жүгеріні терең өңдеу жобасы іске асып жатыр. Ал Алматы облысында негізгі бағыттардан бөлек, сусындар өндірісі қарқынды. Павлодар өңірінде салынған  инвестицияның басым бөлігі ауыл шаруашылығына бағытталған.

Алғашқы бестікті түйіндеп отырған Түркістан облысы маусымдық ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу саласын дамытып жатыр. Бастысы, шетелдік инвесторлардың қызығушылығы бар. «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов Гонконг тарапымен байланыс бекитінін жеткізді. Басқосу Астанада өтті.

АӨК инвестиция көлемі:

1.Жамбыл облысы ₸96,1 млрд

азық-түлік өндірісі — ₸92,8 млрд

ауыл шаруашылығы – ₸2,4 млрд

2. Алматы облысы ₸72,7 млрд

азық-түлік өндірісі – ₸19,8 млрд

ауыл шаруашылығы – ₸15,3 млрд

3. Павлодар облысы ₸64,3 млрд 

азық-түлік өндірісі – ₸1,2 млрд

ауыл шаруашылығы – ₸63,1 млрд

Тимур Онжанов, «Бәйтерек ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- Біз Қытайдың екі компаниясымен сөйлестік. Әсіресе сүт тауарлары, сондай-ақ дәнді-дақылдарға қызығушылық танытып отыр. Біз холдинг ретінде Гонконг тарапына ұсыныс айттық. Бұл өте маңызды. Өйткені Гонконг Азиядағы ең ірі қаржы орталығы, алып нарық. Қазір батыстан шығысқа бетбұрып жатқан заманда біздің осындай мүмкіндікке ие болуымыз қуантады.

Қытайға жемдік ұн жөнелтіліп жатыр

Иә, Қытаймен өзара сауда-саттық қарқынды жүріп жатыр. Былтырғы көрсеткіш 2 жарым млрд долларға жуықтады. Оның 1 жарым млрд-ы біздің экспорт. Қазірдің өзінде көрсеткіш 550 млн долларға жетіп қалды. Бұл нарыққа бидай, арпа, ұн, күнбағыс майы, т.б. өнімдер жөнелтіліп жатыр. Құс еті мен сиыр еті бойынша да келісім жасалды. Қазір Қытайға экспортталатын өнімдердің дені жемдік ұн. Бүгінге дейін 957 мың тоннасы жеткізілді.

Саят Қамзин, ҚР АШМ Сыртқы сауда басқармасының басшысы:

- Қытай мемлекетімен ветеринариялық және фитосанитариялық құжаттарды келісу бойынша біздің министрлікпен жұмыстар жүргізеді. Бұл құжаттар әр тауарлар бойынша қабылданады. Экспортталатын тауарлар бойынша сол жаңа құжаттардың барлық рәсімдері аяқталғаннан кейін ғана Қытай нарығына қолжетімділік ашылады. Қазіргі таңда енді өсімдік шаруашылық өнімдеріне келетін болсақ, жиырма бір түрі бойынша Қытайға экспорттауға мүмкіндік бар.

Қазір Қазақстан мен Қытай 34 түрлі ауыл шаруашылығы өнімі бойынша экспорттық келісімге келді. Оның 21 өсімдік, қалғаны мал шаруашылығы өнімдері. Елдегі 3 жарым мың кәсіпорын сыртқы нарыққа тауар шығаруға құқылы.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz