2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақстандықтар үшін шетелдік интернет-дүкендерден сауда жасау қымбаттап, қиындай түседі. Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кірмейтін елдерден тапсырыс берген барлық тауарды декларациялауға міндетті болады. Соның салдарынан тіпті арзан тауарларға тапсырыс берген жағдайда да қосымша сервистік төлем төлеуге тура келуі мүмкін, деп хабарлайды «24KZ» Digital Business-ке сілтеме жасап.
Жаңа талап Amazon, AliExpress, Temu, Taobao, Pinduoduo және SHEIN сияқты шетелдік маркетплейстерден келетін барлық сәлемдемеге қатысты болады.
Салық қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы Дмитрий Казанцевтің айтуынша, енді құны бірнеше еуро тұратын шұлық немесе телефон қапшығы сияқты арзан тауарлардың өзі міндетті түрде декларацияланады.
«Бұрынғыдай 5 пайыздық кедендік баж салығы белгіленген лимиттен асқан жағдайда ғана төленеді. Алайда енді шетелдік маркетплейстерден сатып алынған кез келген тауарға декларация рәсімдеу міндетті болады. Декларациялауға барлық тауар жатады. Тіпті құны бірнеше еуро ғана болатын, салмағы бірнеше грамм шұлыққа тапсырыс берсеңіз де, құжат толтыруға тура келеді. Бірақ тауардың құны 200 еуродан төмен әрі салмағы 31 келіден аспаса, кедендік баж салығы салынбайды», – деп түсіндіреді Дмитрий Казанцев.
Яғни, тауардың құны 200 еуродан аспай, салмағы 31 келіден төмен болса, 5 пайыздық кедендік баж салығы алынбайды. Бірақ декларация рәсімдеу міндетті болып қала береді.
Ал Wildberries, Ozon және Яндекс Маркет арқылы жасалған тапсырыстар бұрынғы тәртіппен жеткізіледі, өйткені олар ЕАЭО аумағында жұмыс істейді.
Ең маңызды өзгеріс – декларацияны рәсімдеу үшін қосымша ақы алынуы мүмкін. Алдын ала мәлімет бойынша, жеткізу қызметтері бір декларацияны толтырғаны үшін шамамен 3–4 мың теңге көлемінде сервис ақысын алуы ықтимал.
Сондықтан 1 500–2 000 теңгеге сатып алынған арзан тауар үшін де қосымша бірнеше мың теңге төлеуге тура келуі мүмкін. Осыған байланысты шетелден ұсақ тауарларға тапсырыс беру бұрынғыдай тиімді болмауы ықтимал.
Тегтер #Интернетдүкен #сауда #ЕАЭО #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz