RU
Толық нұсқаға өту

Банктер бизнесті қаржыландыруды арттырды

03.06.2026, 19:20 33

Банктер бизнесті қаржыландыру көлемін арттырған.

Әсіресе шағын және орта кәсіпкерлерге берілген кредит сомасы көбейіп келеді. Ұлттық банк жүргізген зерттеуге сәйкес, бизнестің банктен алған қарызы 18,3 трлн теңгеге жеткен. Қаржы ұйымдарының жеке азаматтардан корпоративті  секторға ойысуына не себеп? Банктердің экономикаға құйған қаражаты шынымен қомақты ма?

Иә, жаңа сіз айтқандай, банктердің бизнес субъектілеріне берген қарыз көлемі 18,3 трлн теңгеге жеткен. Бір жыл ішінде 20,4%-ға өссе, соңғы үш жылда бір жарым еседен астам ұлғайды. Әсіресе шағын және орта бизнеске берілген қарыз көлемі артып отыр. Мәселен, шағын кәсіпкерлікке берілген несие 38%-ға өсіп, 8,7 трлн теңгеге жетті. Ал орта кәсіпкерлікке берілген кредиттер 30,7%-ға артып, 3,1 трлн теңгені құрады. Бұл банктер экономиканы қаржыландыруға бет бұра бастады деген сөз. Бұрын олар тек қарашаға жоғары пайызбен кепілсіз қарыз беріп, қалтасын қампайтқан еді. Бұған бір жағынан несиелердің қолжетімділігі себеп болды. Екіншіден адамдарға кредит рәсімдеу оңай дейді сарапшылар. Яғни банкке кәсіпорынды бағалап әуреленудің қажеті жоқ. 

кредит көлемі – 18,3 трлн теңге

1 жылғы өсім – 20,4%

3 жылғы өсім – 150%

Шағын кәсіпкерлік субъектілер– 8,7 трлн теңге

Өсім – 38%

Орта кәсіпкерлік субъектілер – 3,1 трлн теңге

Өсім 30,7%

Ірі кәсіпкерлік субъектілер – 6,6 трлн теңге    

Айбар Олжай, сарапшы:

- Экономикаға кредит берудің өзіндік шығыны көп. Өйткені ол бизнесті барып бағалау керек. Мына жақта халыққа бере салды. Ешқандай бағалаған жоқ. Скоринг өткізді. Табысын қарады. Онлайн зейнетақы жинағын қарады да, бере салды. Ал ана жаққа барып, бизнесті қарау керек қой құрылғысы орнында тұр ма? Шынымен жұмыс істеп жатыр ма? Бұл бизнеске кредит беруге бола ма деген сияқты. Ол кішкене шығын. Бір жағынан банктерді осы шығын ұстап тұрған. Өйткені бизнеске кредит беру, оны ұйымдастыру жұмыстары қиындау да. Мониторинг жасау керек. 

Дегенмен, мемлекет банктерді экономикаға қаржы құюға ынталандырып бағуда. Мәселен, кепілсіз берілетін несиеден түсетін пайдаға 25 пайыз салық салынса, кәсіпкерге берілген кредиттен 20 пайыз корпоративті табыс салығы төленеді. Сондай-ақ жеке азаматтарға берілетін несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін шектейтін талаптар қабылданды. Енді ол 46 пайыздан аспауға тиіс. Бұл да банктердің корпоративтік секторды таңдауына алып келді. Дегенмен, жыл басынан бері берілген қарыз көлемі 61 млрд теңгеге төмендеген. Оның себебін қаржыгерлер былай түсіндірді. 

Алмат Орақбай, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жетекшi сарапшысы:

- Бір жылға дейінгі борыштарды бизнестер жапқандықтан жалпы несие портфелі түскен болатын. Бұл жалпы несиеге деген бизнестің тарапынан сұраныстың түскенін түсіндірмейді. Яғни сұраныс бірқалыпты сақталып отыр. тіпті артуда. Яғни жаңадан берілген борыштар артқан болса 23 пайызға, керісінше мына қалыптасқан қалдықтар дейді ғой, бизнеске берілген кредиттердің қалдықтары түскен болатын.  

Жалпы елде кәсіпкерлікті қаржыландыру экономиканың барлық саласы өсім көрсеткен. Қарыз көлемі бойынша үздік үштікте өнеркәсіп, сауда, көлік салалары тұр. Сондай-ақ құрылыс, ауыл шаруашылығы, байланыс секторына да қаражат көп құйылған. Жалпы алғанда, елде қаржыландыруға қолжетімділіктің артуы, мемлекеттік қолдау тетіктерінің дамуы және екінші деңгейдегі банктердің белсенділігі кәсіпкерлер үшін тұрақты қаржылық ортаның қалыптасуына ықпал етуде.

Өнеркәсіп – 7 трлн теңге

Өсім – 16,2%

Сауда – 4,2 трлн теңге

Өсім – 18,5%

Көлік саласы – 1,5 трлн теңге

өсім – 32,2%

құрылыс – 847,2 млрд теңге

өсім – 36,1%

ауыл шаруашылығы – 562,7 млрд теңге

13,4%

байланыс секторы – 298,7 млрд теңге

өсім – 29,1%

басқа салалар – 3,8 трлн теңге

өсім – 23,8%

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz