Үш жылда дәрі-дәрмек өндірісіне үш есе көп инвестиция құйылды. Былтыр отандық фармацевтика өнімдерінің 18%-ы экспортталды.
Мамандар: «2030 жылға қарай өңірлік нарықтарда өз орнымызды нығайтамыз», - дейді. Бұған әлеуетіміз қандай? Ал ішкі нарықты қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамту мүмкін бе?
Қазақстандық дәрі-дәрмек әлемнің 12 еліне экспортталады. Былтыр өндірушілер 366 млн доллардың өнімін шығарды. Соның 18-19%-ы сыртқы нарыққа кетті. «Фарммединдустрия» қауымдастығының президенті Руслан Сұлтанов фармацевтика ішкі нарықты қамтамасыз ету кезеңін еңсергенін айтады. Ендігі мақсат – экспорттық жеткізілімдерді тұрақты жүйеге айналдыру. Яғни 2030 жылға қарай өңірлік нарықтардағы орнымызды нығайту маңызды. Сарапшы бұрынғыдай арзан дәріге емес, мемлекеттер экспорттаушы елдегі бақылау жүйесінің сапасына, өндіріс стандарттары мен ұзақ мерзімді тұрақты жеткізу қабілетіне мән береді. Қазақстанға бұл үдеден шығу үшін дұрыс экожүйе қалыптастыру қажет.
Руслан Сұлтанов, «Фарммединдустрия» қауымдастығының президенті:
- Қазақстан үшін бұл мәселе дәл қазір ерекше өзекті болып отыр. Өйткені сала алғашқы экспорттық тәжірибесін жинап үлгерді. 12 елге жеткізілетін өнімдер қазақстандық дәрілердің сыртқы нарықта сұранысқа ие екенін көрсетеді. Алайда бірнеше экспорттық келісім мен толыққанды экспорттық саланың арасында үлкен айырмашылық бар. Келесі деңгейге көтерілу үшін компанияларға жаңа нарықтарға шығудан бастап, өнімді басқа елдердің денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге дейінгі барлық процесте көмектесетін экожүйе қажет болады.
Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының жетекшісі Талғат Омаров Қазақстанның Еуразиядағы хабқа айналу мүмкіндігін барын айтады. Бұл үшін мемлекет тарапынан лайықты инфрақұрылым қажет. Инвесторларға жағдай жасау маңызды.
Талғат Омаров, Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының жетекшісі:
- Егер дәрі-дәрмекті шығаратын Қазақстан үлкен хаб болатын болса, мемлекетіміз одан ұтылмайды. Бұл тек қана сату жолы, тек қана салық емес. Бұл жерде білім де бар, бұл жерде тәжірибе бар. Қаншама білімді профессорлар, лаборанттар келеді. Ғылыми өңдеу жұмыстары осы жерден өтеді. Сондықтан оған қуану керек.
Ішкі нарықта дәрі-дәрмек құны құбылып тұр. Алайда тұтынушылар таңдау жасауға құқылы.
Отандық немесе импорттық препараттардың түр-түрі бар. Тіпті заңсыз жеткізіліп жатқан дәрі-дәрмекті де бақылау мүмкін болмай барады. Талғат Омаров: «Осындай өнімдер нарықтағы нақты көрсеткішті айқындауға кедергі» , - дейді. Өйткені олар таңбалаудан өтпейді. Сарапшы жергілікті өндірушілер санын арттырып, өндірілген өнімді ішкі нарыққа да, сыртқа да өткізуге мүмкіндік беру қажет дейді.
Талғат Омаров, Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының жетекшісі:
- Мен шығарып жатқан препараттың нарықтағы үлесі қанша пайызды құрайды? Егер сол сегментті ғана алатын болсақ, оның көлемі өте аз болып шығады. Мысалы, бұл 10 мың немесе 100 мың адам ғана болуы мүмкін. Алайда менің өндірістік желіме шикізат сатып алу үлкен қаражатты талап етеді. Сондықтан кеткен шығынды жабу үшін өнімді тек ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықта да сату қажет. Мысалы, өндірілген 1 миллион өнімнің 100 мыңын ішкі нарыққа жіберіп, қалғанын шетелге экспорттайтын болсам, онда мен сатып алатын шикізаттың өзіндік құны арзанырақ болады.
Елдегі әр 10 дәрінің төртеуі өзіміздікі
Дәріханалардағы әр 10 дәрінің 4-еуі отандық өнім. Иә, нарықта елде өндірілген фармацевтика тауарларының үлесі 40 пайызға жуықтады. Бұған дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі дәлел. Инвесторлар саланы қолдап келеді. 2023 жылдан бері көрсеткіш 3 есе артты. Былтыр жалпы инвестиция көлемі 142 млн доллардан асқан. Қазір 360 млрд теңгенің келісімі жүзеге асып жатыр. Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев ауқымды қаражаттың өндірістерді жаңғыртып, қуатын арттыруға және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісін еселеуге сеп болғанын айтады.
Тегін дәрілерді сақтау қоймалары салынады
Елде тегін берілетін дәрілерді жеткізу логистикасы жүйеленеді. «СҚ-Фармация» өз қойма инфрақұрылымын жасақтамақ. Орталықтар мегаполистер, сондай-ақ Ақтөбе, Ақтау және Семей қалаларында құрылады. Жалдау ақысы мен логистикалық шығындарды азайтудың арқасында жыл сайын 1,7 млрд теңгені үнемдеуге болады. Ең бастысы, бағаның негізсіз өсуіне жол берілмейді. Науқастар тегін емдік дәрілерін дер кезінде алып отырады. Мұны құзырлы министрлік нақты уақыт режимінде бақыламақ. Әзірге қоймаларды басқару және бірыңғай фармацевтикалық ақпарат жүйелері интеграцияланды. Ал алғашқы нысан Ақтөбеде келесі жылы ашылады.
Елде 3,5 млн адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтылып отыр. Биыл жаңа тізім бекітіліп, қаржыландыру көлемі 87 млрд-тан 337 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
Тегтер #дәрі дәрмек #экономика #экспорт #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz