Бүгін Астанада өткен «FOC 2026: Fats and Oils Conference» халықаралық конференциясында Қазақстанның май өңдеу саласы соңғы жылдары айтарлықтай өсім көрсеткені айтылды, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл сала бүгінде өңдеуші өнеркәсіптің негізгі драйверлерінің біріне айналып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша май өңдеу кәсіпорындары алғаш рет 1,57 миллион тоннадан астам өнім өндіріп, экспорттан рекордтық 963 миллион АҚШ доллары көлемінде табыс тапқан.
Салыстыру үшін айтсақ, 2021 жылы бұл көрсеткіш небәрі 240 миллион доллар болған. Осылайша, төрт жыл ішінде экспорттық түсім көлемі төрт еседен астам өсті.
Қазақстан күнбағыс майын экспорттайтын жетекші елдердің қатарына қосылып, әлемдік экспорттың шамамен 3,6 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар ел Қытай нарығында күнбағыс майын экспорттаушы мемлекеттер арасында екінші орынға көтерілді.
Соңғы бір жылда майлы дақылдар мен май өнімдерінің экспорты 70 пайызға артқан. Сарапшылар мұны шикізат экспортынан өңделген өнім шығаруға көшу саясатының нәтижесі деп бағалайды.
Соңғы төрт жылда күнбағыс майының өндірісі 2,3 есеге өсіп, 752 мың тоннадан асты. Сонымен бірге ішкі нарықтың импортқа тәуелділігі де төмендеген. Қазір импорттық күнбағыс майының үлесі 18 пайыздан аспайды.
Мамандардың айтуынша, май өңдеу саласының дамуы ауыл шаруашылығына инвестиция тартуға, егіс алқаптарын ұлғайтуға және мал шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі сияқты сабақтас салалардың дамуына оң әсер етіп отыр.
«FOC 2026: Fats and Oils Conference» - Еуразия кеңістігіндегі май өңдеу өнеркәсібінің даму үрдістері мен болашағын талқылауға арналған алаң. Бүгінде осы саладағы ең беделді халықаралық іс-шаралардың біріне айналды.
Биылғы форумға әлемнің 18 елінен 330-дан астам делегат қатысты. Олардың қатарында Қазақстандағы 50-ден астам май өңдеу кәсіпорнының басшылары, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, агроөнеркәсіптік холдингтердің, логистикалық компаниялардың өкілдері және әлемдік нарықтағы жетекші компаниялар бар.
Тегтер #Астана #форум #май өңдеу #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz