Қазақстан сирек металдар саласында АҚШ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты күшейтпек. Бұл туралы Астанада өткен аса маңызды минералдар мәселелері бойынша C5+1 диалогында айтылды.
Жиында геологиялық барлау, пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеу, сондай-ақ аса маңызды минералдарды әлемдік нарыққа тұрақты жеткізу мәселелері талқыланды. Еліміз тек шикізат экспорттаумен шектелмей, бірлескен өндірістерді дамытуға, технологиялар трансферіне, білікті кадрлар даярлауға және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, Қазақстан үшін бұл сала өнеркәсіптік саясат пен ұзақ мерзімді экономикалық дамудың негізгі бағыттарының бірі саналады. Бүгінде елімізде 9 мың 500-ден астам кен орны бар. Оның 100-ден астамында сирек және жерде сирек кездесетін металдар қоры шоғырланған.
Әл-Фараби Ыдырышев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Технологиялық болжау ұлттық орталығының бас директоры:
- С5+1 қараша айындағы Президенттің Вашингтонға сапары барысындағы келіссөздің жалғасы. Сол кезде АҚШ Президенті Дональд Трамппен келіссөз жүргізіп еді, соны қазір іске асырып жатырмыз. Біздің елге бірінші беретіні - инвестиция тарту, металлургияға, тау-кен саласына үлкен-үлкен инвестиция тарту. Екіншіден, Қазақстанды әлемде танымал ел жасау.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #сирек металдар #инвестицияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz