Маңғыстаудағы Құрық портында бірнеше қойма салынып жатыр. Пайдалануға берілген кезде теңіз терминалында 51 мың тоннаға дейін астық сақтауға болады.
Су айлағы арқылы тасымалданатын астық экспортының көлемі артып, Каспий маңы елдерімен арадағы сауда-экономикалық байланыс одан әрі нығая түседі.
Қарақия ауданындағы стратегиялық маңызды зор Құрық порты еліміздің екінші теңіз қақпасы саналады. Қазір су айлағында 16 қойма бар. Әрқайсының сыйымдылығы 1,5 мың тонна. Тағы 16 қойманың құрылысы жүріп жатыр. Олар жоспарлы уақытында іске қосылған соң, терминалда бір мезетте 51 тонна астық сақтауға болады.
Бақыткерей Әлібеков, Құрық портының қызметкері:
- 2024 жылдың соңынан бастап біздің портта астық терминалы іске қосылды. Қазір екінші кезеңде қоймалары салынып жатыр. Сонымен 32 қойма болады және айлақ жағында екі қоймасы бар. Теміржолмен вагондар келіп қоймаларға астықты артады. Ол жиналғаннан кейін мына лентамен айлақтағы екі қоймаға жинайды. Арпа, бидай түрлерін негізінен Иран мемлекетіне жібереміз.
Былтыр су айлағы арқылы 2 млн тоннадай жүк ауыстырып тиелген. Мамандардың айтуынша, биыл бұл көрсеткіш 3 миллион тоннаға жетуі тиіс. Порттан елімізге импорт және транзиттік жүктер келеді. Негізінен металл, мұнай және химия өнімдері, түрлі салаға арналған құрал-жабдық тасымалданады.
Еркін Нығметов, құрық портының директоры:
- Құрық порты арқылы Орталық Азия елдерінен транзит жүктер өтеді. Сонымен қатар Еуропа және Кавказ мемлекеттерінен келген әртүрлі тауарлар импорт ретінде ауыстырып тиеледі. Қолданыстағы қуаттылығымызды арттыруға бағытталған бірнеше жобамыз бар. Мәселен, жүк өңдеу көлемін ұлғайту үшін айлақтарды кеңейту жұмыстары жүріп жатыр.
Енді Құрық портына келетін кеме санын көбейту міндеті тұр. Осы мақсатта жекелеген компаниялар бірнеше паром сатып алған. Олар 2026 жылдың үшінші тоқсанында су айлағына келеді деп күтіледі. Нәтижесінде порттың жүк өңдеу және тасымалдау мүмкіндігі біршама ұлғаяды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #құрық порты #Маңғыстау #экономикаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz