RU
Толық нұсқаға өту

Абай облысында Қытай капиталымен 40-тан астам жоба іске асырылып жатыр

10.06.2026, 22:10 37

Абай облысында қытайлық серіктестермен бірлескен құны 1 миллиард доллардан  асатын  6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Оның ішінде микрочип өндіретін индустриялық парк, ағаш өңдейтін кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығына арналған су үнемдеу технологиялары бар. Жалпы өңірде Қытай капиталының қатысуымен 40-тан астам жоба бар.  Халықаралық әріптестіктің жаңа бағыттары Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Алтай қаласында өткен «Алтай – ортақ үйіміз» форумында талқыланды.

Абай облысы мен Қытайды жалғайтын негізгі өткелдің бірі – Бақты кеден бекеті. Осы аумақта көлемі 100 гектардан асатын арнайы экономикалық аймақ құру жоспарланған. Онда инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылады. Өңірде жаңа өндірістер ашып, ауқымды инвестиция тарту үшін, жобаның маңызы зор.

Айбек Рахымбеков, Абай облыстық Кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және Үкіметтің қолдауымен Абай облысында, Семей қаласында арнайы экономикалық аймақ құру жоспарлануда. Қазіргі кезде бізде әлеуетті 4 компания бар сол жерде орналастырылатын. Ол, біріншіден, Қытай тарапымен бірлескен екі жоба, сонымен қатар, қазір үлкен мыс балқыту зауыты сол жерде іске қосу жоспарлануда. Және титан өнімдерін шығару зауыты сол жерде, арнайы экономикалық аймақта орналасады деп жоспарланула.

Халықаралық серіктестік аясында Абай облысын Қытай Халық Республикасының шекаралас өңірлерімен байланыстыратын  «Аягөз – Тачэн» теміржолы салынады. Жоба миллиондаған тонна жүк тасымалдауға мүмкіндік беріп,  өнеркәсіп өнімдері мен жаңа өндірістерге қажетті материалдардың жеткізілуін қамтамасыз етеді. Бұған қоса Мақаншы ауданындағы Алакөл жағалауында шетелдік инвесторлар қонақүй кешенін салуға ниетті. Қазір жер телімін бөлу мәселелері қаралып жатыр.

Дәурен Қойгелдин, Мақаншы ауданының әкімі:

- Бақты кедені бойынша қазіргі кезде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жартыжылдықтың ішінде толықтай аяқталады. Бұл да біздің дамуымызға үлкен үлесін қосады. Сонымен қатар Алакөл жағалауы – туристік аймақ. Осы Қытай елімен, инвесторлармен келісім жүргізіп жатырмыз. Қытай елінің инвесторлары да осы Алакөл жағалауында жаңа заман талапқа сай үлкен демалыс үйлерін салуға өздерінің қызығушыларын білдіріп жатыр.

Шетелдік инвестициялар есебінен Абай облысында су электр станциясы, алюминий зауыты, сондай-ақ құрылыс материалдары мен кабель өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салынады.  «Үлкен Алтай – 2026» конференциясы аясында осындай келіссөздер жасалды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz