Өзбекстанда кейінгі үш айда қазақ инвесторларының қатысуымен 42 кәсіпорын ашылды.
Осылайша, көрші елде қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар саны 1 259-ға жетті. Ұлттық статистика комитетінің дерегіне сәйкес Өзбекстанда шетелдің 19 490 кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Бұл ретте қытайлықтардың үлесі басым. Үш айда олар 492 кәсіпкерлік субьектісін ашқан. Сөйтіп жалпы сандары 4 068-ге жетті. Одан кейін 3 086 компаниямен Ресей тұр. Үштікті Түркия түйіндейді. Аталған елдің кәсіпкерлері Өзбекстанда 1 997 кәсіпорын құрған. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша 4 сауда дәлізі ашылуы мүмкін. Сондай-ақ Ташкентте Қазақстанның, Астанада Өзбекстанның сауда орталығын салу көзделіп отыр.
Саидмұхтар Саидкасимов, Орталық Азия халықаралық институты басшысының кеңесшісі:
- Стратегиялық әріптестігіміздің жылдан жылға нығайып жатқанына куәміз. Барлық салада белсенділік бар. Жобалардың географиялық ауқымы кеңеюде. Егер осы бағытымыздан таймасақ, саяси, экономикалық һәм мәдени-гуманитарлық саладағы жетістіктердің нәтижесін екі ел ғана емес, барша Орталық Азия елдері сезетін болады. Бұл аймақтың дамуына серпін береді.
Тегтер #Өзбекстан #инвесторлар #24KZ #ҚазақстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz