Қазақстан мен Сауд Арабиясы табиғи ресурстар саласында инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтеді.
Корольдіктің тау-кен өнеркәсібіне жауапты құрылымы бұл іске айрықша назар салып отыр. Жақын күндері ұйым жетекшілері Астанаға келіп, тиісті келіссөз жүргізеді.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Қазақстан мен Сауд Арабиясының ынтымақтастығы қазір дәстүрлі дипломатия аясымен шектелмей, стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Қос тарап бірін бірі сан алуан салада әлеуетті әріптес санайды. Соның бірі әрі бірегейі - тау-кен өнеркәсібі.
Сауд үкіметінің осы салаға жауапты құрылымы Астана мен Рияд қатынасын одан әрі тереңдетуге дайын екенін аңғартты. Әңгіме тіпті инвестициялық ынтымақтастық төңірегінде өрбіді. Еске салайық, екі ел былтыр энергетика, пайдалы қазба, ауыл шаруашылығы және туризм бағытында бірлескен жұмыс топтарын құрды. Министрлер деңгейінде үйлестіру кеңесі жасақталды. Қазақ-сауд байланысын дамытатын диалог алаңы қалыптасты.
Мохаммед әл-Дулайм, Сауд Арабиясы тау-кен комитетінің төрағасы:
- Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасындағы қатынастар өткен жылы құрылған Жоғары деңгейдегі үйлестіру кеңесі арқылы жаңа деңгейге көтерілді. Бұл құрылым арадағы әріптестікті дамытуға және бірлескен жобаларды ілгерілетуге бейімделген. Осының өзі екі ел үкіметтерінің экономикалық байланыстарға ерекше екпін беріп отырғанын көрсетеді. Біздің мақсат – көптеген салада инвестициялық қатынастарға тың серпін беру.
Кейінгі жылдары Саудия маңызды минералдар секторында белсенді бола бастады. Корольдік стратегиялық шикізаттан біршама дайын өнім жасап, кейін әлемдік нарыққа шығаратын жол іздеуге көшті. Бірақ елде шикізат қоры анау айтарлық ауқымды емес.
Ал Қазақстанда жерасты байлық мол. Егер оны игеріп, өңдеуге мол инвестиция мен жаңаша технология тартылса, отандық тау-кен өнеркәсібінің өрісі кеңейеді.
Бұл бір есептен экономиканы әртараптандыратын мүмкіндік. Сол себепті мамандар сауд тарапымен серіктестік ұтымды болатынына сенімді.
Мохаммед әл-Дулайм, Сауд Арабиясы тау-кен комитетінің төрағасы:
- Қазақстан - табиғи ресурстар мен түрлі салада экономикалық әлеуеті мол мемлекет. Оған энергетика мен тау-кен өнеркәсібі де кіреді. Осы мүмкіндік Сауд Арабиясының қызығушылығын тудырмай қоймады. Қазір біздің елден Қазақстанға инвестиция тартуға үлкен мән берілуде. Бұл өте маңызды жұмыс. Іскерлік кеңес, мемлекеттік органдар және елшілік бізге қолдау көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта тұрақты іс-қимылдарымыз бен инвестициялық келісімдердің табысты болары сөзсіз.
Айта кету керек, шетелдік құрылым жетекшісі бірер күнде Қазақстанға барады. Тау-кен өнеркәсібіне қатысты ауқымды конференцияға қатысып, үкімет жетекшілерімен кездеседі. Арабтар бұған дейін маңызды минералдар саласында АҚШ-пен серіктестік орнатып, технология мен тәжірибе алмасып, біраз іске бастамашы болып отыр. Демек, Қазақстанмен де ынтымақтастық нәтижелі болады деген сенім мол.
Рауан Мыңбай
Тегтер #Қазақстан #Сауд Арабиясы #тау кен металлургия саласы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz