RU
Толық нұсқаға өту

«Қазақстан» шоколадының сапасы сынға түсті

15.06.2026, 20:19 43

«Рахат» кондитерлік фабрикасының мақтанышына айналған «Қазақстан» шоколадының дәмі бүгінде бұрынғыдай таңдайда бал татымайды.

Еліміздің ең өтімді әрі бренд өнімдерінің біріне деген тұтынушылардың ықыласы семіп, сұраныс азая бастағандай. Қазіргі таңда әлеуметтік желі беттерінде отандық тәттінің сапасына қатысты өкпе-реніш пен өрелі сын үдеп тұр.

Асыл Нәсіп - отандық байер. Ол қызмет бабымен шет елдерге жиі сапарға шығады. Кәсіпкер өзге мемлекеттегі серіктестеріне еліміздің брендіне айналған «Рахат» кондитерлік өнімдерін кәдесый ретінде тұрақты түрде ала баратын. Алайда соңғы уақытта шетелдіктер тарапынан «Қазақстан» шоколадының дәмі мен сапасына  қатысты жиі сын еститін болды.

Асыл Нәсіп, байер:

- Бұрындары шетелдік достарыма «Қазақстан» шоколадын сыйлағанымда олар балаша қуанатын. Ал қазір таныстарым оның дәмі де, тіпті сыртқы келбеті де өңсіз болып кеткенін айтып жүр. Оны өзім де байқадым. Қаптамасын ашқан кезде шоколад бетінде ақшыл дақтар пайда болғанын көрдім. Бұрынғы хош иісті какаоның дәмі мүлде сезілмейді. Қазір бұл өнім табиғи дәмінен айырылғандай әсер қалдырады.

Алма Сыздықова екі баланың анасы. Ол перзенттерінің денсаулығы үшін дүкендегі дайын тәттілерден гөрі үйде өз қолымен десерт пісіруді құп көреді. Осы уақытқа дейін ол кондитерлік өнімдеріне тек «Қазақстан» шоколадын пайдаланып келген. Алайда кейінгі кезде отандық өнімнің сапасы көңіл көншітпейді дейді.

Алма Сыздықова, қала тұрғыны:

- Қазір бұл шоколадтың консистенциясы өте созылмалы, резеңке сынды болып кеткен. Бұрынғы табиғи дәмі қалмады. Тәттілерді пісіргенде шоколадты ерітетінім бар. Байқағаным, «Қазақстан» шоколады еріген кезде қою, біртекті массаға айналмайды. Меніңше, оның құрамында су тым көп. Тіпті какао емес, кәдімгі тоң майдың иісі шығады. Осы олқылықтардан кейін мен еуропалық өнімдерді сатып алатын болдым.

Ал отандық өндіруші компания өкілдері бұқара тарапынан айтылған бұл уәжді негізсіз деп санайды. Кәсіпорын басшылығы біздің арнамыз жолдаған ресми сауалға жауап беріп, шоколад өнімдерінің барлық кезеңдік зертханалық сүзгіден өтетінін мәлімдеді. Хатта өнім сапасының заңнамалық талаптар мен стандарттарға толықтай сәйкес келетіні шегелеп айтылған.

«Казахстанский» шоколадын өндiру тәсiлi өзгерген жоқ және ондаған жылдар бойы сақталып келедi. Шоколад катаң регламенттелген классикалық технология бойынша шығарылады. Бiздiң шоколадтың құрамында тек табиғи ингредиенттер бар – ұнтақталған какао, какао майы. Бiздiң кәсiпорында шоколад өндiрiсiнiң толық технологиялық тiзбегi бар eкeнiн атап еткiмiз келедi - какао бұршақтарын өңдеуден бастап, дайын өнiмдi шығаруға дейiн. Өнім Кедендiк одақтьң техникaлық регламенттерінің талаптарына толық сайкес өндiрiледi.

Солай десек те, әлеуметтік желіде «Қазақстан» шоколадының сапасына шүйліккендердің қарасы азаяр емес. Сапаның құлдырауымен қатар жұртшылықты отандық бренд бағасының негізсіз әрі күрт қымбаттауы да қатты алаңдатып отыр.

Дариға Ташенова, Сания Көпжасарова

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz