Елдің бір байлығы – ұлттық парктер. Табиғатты, ондағы аң-құсты, өсімдікті сақтаудың бір амалы осы орта.
Мемлекеттің қорғауындағы ұлттық парктер аумағын жылма жыл ұлғайтып келеді. Ендігі мәселе табиғатты қорғау ғана емес оны күтіп ұстау да қажет. Өйткені жер де тозады. БҰҰ дерегіне сүйенсек, кейінгі он жылда әлемдегі орман алқабы 40 млн гектарға қысқарған. Ал жер тозбас үшін орманды ұлғайту міндеті тұр. Қазір Мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 32 мың гектарға жуықтайды. Яғни ел аумағының 11 пайыздан астамын алып жатыр.
Әлемде орман алқабы сиреп барады. Сарапшылар дабыл қағып жатыр. Әсіресе Лаос, Швеция және Боливиядағы ахуал алаңдарлық. Бұл тізімді Индонезия, Конго Демократиялық Республикасы, Бразилия, АҚШ, Канада, Ресей және Қытай жалғайды. Ормандардың жойылуына адамзаттың да қатысы бар. Бір елдерде тұрмыс пен өндірісіке байланысты ағаш отау жиілесе, енді бірінде қатты ыстықтың салдарынан өрт көбейген. Осылайша, жаһанда жыл сайын 10 млн гектар алқап жермен жексен болады. Оның 96 пайызы тропика аймақтарына тән. Мамандар орманның сиреуі ғасыр басында басталғанын айтады. Бүгінге дейін 520 млн гектарға жуық алқап жойылды. Яғни барлық орманның 13 пайызы жойылған.
Орталық Азияның жасыл қалқаны түзіледі
Енді жасыл алқапты сақтау маңызы тіптен артты. Себебі әлемде шөлейтті жерлер де көбейіп жатыр. Бір ғана Орталық Азияда әр минут сайын 9 шаршы метр аумақ шөлге айналады. Бұл мәселе Қазақстанның Арал теңізі, Мойынқұм, Солтүстік Каспий аймақтары мен Ақтөбе өңірінде өзекті. Топырақтың тозуын тоқтату үшін орман алқабын кеңейте беру керек. Ел Үкіметі осындай тоқтамға келген. Ал жасыл желектің көбеюі мәселені айтарлықтай сейілтті. Қазір мемлекеттік орман қорында 2 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш егіліп жатыр. Оң тәжірибені өзгелерге де үлгі ету керек. Осы ретте экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасын көтерді. Әзірге Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстан қосылды.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Еліміз қиын табиғи және климаттық жағдайларда ормандарды қалпына келтіру, орман өсіру тәжірибесіне ие. Бұған Астана айналасындағы жасыл белдеу мысал. Бірегей жоба 1997 жылдан бері үздіксіз жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда 102 000 гектарға жетті. Яғни ормансыз жерлерде де ғылым, тиімді жоспарлау және орманшылардың кәсіби жұмысы арқылы экожүйені қалпына келтіруге болады.
Елде орман аумағы 14 млн га болады
Келесі жылы елде 270 млн дана ағаш егіледі. Бұған «Таза Қазақстан» республикалық экология акциясының да ықпалы тимек. Жыл басынан бері оның аясында 723 мыңы егілді. Бұдан бөлек, елде 10 жылға межеленген тұжырымдама қабылданды. Онда орманды сақтау және ағаш ресурстарын тиімді пайдалану жайы ескерілді. Сөйтіп, орман аумағын 14 млн гектарға жеткізу жоспары бар.
Ұлттық парктер аумағы кеңейеді
2036 жылға қарай, елде ерекше қорғалатын аумақтар 31 млн гектардан 33 млн-ға дейін артады. Қазір ұлттық парктер елдің 10 пайыздан астам жерін алып отыр. Ал заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын аумақтар 8 млн гектарды қамтиды. 5 жылда 5 табиғат қорғау мекемесі құрылды. Биыл Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау мақсатында Батыс Қазақстан облысында «Жайық орманы» мемлекеттік табиғи резерваты пайда болады. Қазір 3 табиғи нысан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне еніп отыр. Ал 15 ерекше қорғалатын табиғи аумақ ЮНЕСКО биосфералық резерватының халықаралық мәртебесіне ие.
Ұлттық парктер цифрландырылды
Ұлттық парктерде 16 млрд теңге болатын инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Мақсат – экотуризмді дамыту. Атап айтсам, Іле-Алатауы, сонымен қатар «Алтын-Емел» мен «Шарын» аумағы жетілдіріледі. Жалпы елдегі мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде 180-ге тарта турист маршруты мен 42 соқпақ жол жасақталған. Былтыр мұнда 4 млн-ға жуық адам келген. Ұлттық парктерде бақылау-өткізу пункттері автоматтандырылып жатыр.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Келушілерге қолайлы жағдай жасау және жұмыстың ашықтығын арттыру үшін саланы цифрландыру жүргізілуде. Өз қаражаты есебінен 6 ұлттық паркте 14 бақылау-өткізу пункті автоматтандырылды. Тағы 11 пункт бойынша жұмыс биыл жалғасып жатыр. Олардың жұмысына мониторинг жүргізу және бақылау ұлттық парктердің бас кеңселерінде жүзеге асырылады және Орман шаруашылығы комитетінде қайталанады. Сонымен бірге барлық ұлттық парктер банк сервистері арқылы онлайн төлемге қосылған.
Балалар Ұлттық парктерді тегін аралай алады. Туризм және спорт министрі мұндай мүмкіндік ішкі туризм мен экологиялық демалыс әлеуетін арттырады деп отыр. Әрине, оқушылардың жазды пайдалы өткізуіне жағдай жасалады.
Тегтер #орман алқабы #ұлттық парк #БҰҰ #табиғатPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz