Соңғы жылдарға дейін қазақстандықтардың басым бөлігі бос ақшаны жылжымайтын мүлікке салуды ең тиімді шешім деп санайтын. Бүгінде жағдай өзгерді. Депозиттер қайтадан нақты табыс әкеле бастады, доллар капиталды сақтаудың сөзсіз көшбасшысы болудан қалды, ал жылжымайтын мүлік нарығына кіру үшін бұрынғыдан да көбірек қаражат қажет, деп хабарлайды «24KZ».
Бүгінгі таңда ақшаны қайда салған тиімді екенін Qazaq Expert Club қаржы сарапшысы Саида Тілеуленова түсіндіріп берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда капиталды сақтаудың ең тартымды құралы — теңгелік депозиттер.
«Қазақстандағы қазіргі макроэкономикалық жағдайды ескерсек, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 17%-ға дейін төмендеткеніне қарамастан, депозит мөлшерлемелері тарихи тұрғыдан әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Ал 2026 жылғы мамырда инфляция 10,4%-ға дейін баяулады. Бұл салымшылардың нақты оң табыс алып отырғанын білдіреді», — дейді Саида Тілеуленова.
Сондай-ақ, Тілеуленованың пікірінше, 1 млн теңге көлеміндегі қаражат үшін депозит көпшілік азаматтар үшін ең қарапайым әрі түсінікті құрал болып қала береді. Ол қаражаттың сақталуын қамтамасыз етеді, болжамды табыс береді және арнайы білімді талап етпейді.
Ал долларға келсек, бұл - көбіне табыс табу құралы емес, валюталық тәуекелдерден қорғану тәсілі.
АҚШ валютасы дәстүрлі түрде теңге құнсызданған кезеңдерде жинақты қорғауға көмектеседі. Алайда теңге бағамы тұрақты болып, депозит мөлшерлемелері жоғары болған жағдайда доллар көбіне теңгелік құралдардан табыстылық жағынан ұтылады.
«Доллар сатып алудың негізгі мәні – жинақты әртараптандыру. Сондықтан көптеген қазақстандық үшін қаражатты теңгелік құралдар мен валюта арасында бөлу орынды шешім болуы мүмкін», – дейді қаржыгер.
Жылжымайтын мүлікке келсек, бүгінгі таңда 1 млн теңге инвестициялық пәтер сатып алуға жеткіліксіз. Іс жүзінде бұл қаражат тек болашақта баспана алуға арналған бастапқы капитал немесе жылжымайтын мүлік нарығына байланысты кейбір инвестициялық құралдарға қатысу мүмкіндігі ретінде қарастырылуы мүмкін.
«Сонымен қатар тұрғын үй нарығы әлі де қымбат күйінде қалып отыр. Нарық деректеріне сәйкес, жылжымайтын мүлік бағасы инфляциядан жылдамырақ өсіп келеді, ал жаңа тұрғын үйлердегі бір шаршы метрдің құны 600 мың теңгеден асады. Сондықтан 1 млн теңгені әзірге толыққанды инвестициялық құрал ретінде жылжымайтын мүлікке бағыттау қиын», – дейді Саида Тілеуленова.
Егер депозит, доллар және жылжымайтын мүлікті ғана салыстыратын болсақ, бір-екі жылдық көкжиекте депозит ең ұтымды шешім болып көрінеді. Доллар валюталық тәуекелдерден қорғайды, ал жылжымайтын мүлік әлдеқайда ірі капиталды қажет етеді.
Алайда қаржыгердің пікірінше, мәселені бұдан да кеңірек қарастыруға болады.
«Егер қолда 1 млн теңге болса, мен тек депозит, доллар немесе жылжымайтын мүлік арасындағы таңдауды ғана емес, жаңа табыс көзін құру мүмкіндігін де қарастырар едім. Бұл жағдайда өз бизнесіңізге немесе кәсіпкерлік қызметті дамытуға инвестиция салу қызықты нұсқа болуы мүмкін», – дейді маман.
Өйткені депозит пен доллар ең алдымен капиталды сақтауға көмектеседі, ал бизнес оны көбейтуге мүмкіндік береді. Қазіргі мөлшерлемелер жағдайында депозит жылына салықтарды есептемегенде шамамен 150–180 мың теңге табыс әкелуі мүмкін. Ал табысты шағын бизнес бұдан әлдеқайда жоғары кіріс беруі ықтимал. Әрине, тәуекелі де жоғары болады.
«Бүгінде 1 млн теңге қызмет көрсету саласында, онлайн-саудада, білім беру бағытында, цифрлық сервистерде, маркетингте, логистикада немесе өзін-өзі жұмыспен қамту саласында шағын жоба бастауға жеткілікті капитал болып саналады. Оның үстіне, цифрлық экономиканың дамуы көптеген кәсіп түрлеріне кіру шегін айтарлықтай төмендетті», – деп түсіндіреді сарапшы.
Сонымен қатар бизнестің тек ақша ғана емес, уақытты, білімді және құзыреттерді де талап ететінін түсіну маңызды. Сондықтан кәсіпкерлікпен өз бетінше айналысуға дайын емес адам үшін депозит қауіпсіздеу нұсқа болып қала береді.
«Менің ойымша, 2026 жылға арналған басты қорытынды мынадай: егер мақсат – капиталды сақтау болса, ең ұтымды таңдау депозит болып қала береді. Егер мақсат – валюталық тәуекелдерді азайту болса, қаражаттың бір бөлігін долларда ұстауға болады. Егер мақсат – болашақта баспана сатып алу болса, 1 млн теңге алғашқы қадам ретінде қызмет ете алады. Ал ұзақ мерзімді капитал өсімін көздейтіндер үшін ең қызықты инвестиция – кәсіпкерлік, технологиялар, білім және адами капиталды дамыту арқылы өз табыс көзін қалыптастыру», – деп қорытындылайды Саида Тілеуленова.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Qazaq Expert Club #депозитPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz