Қазақстанда шетелдік интернет-компанияларға жүргізілген камералдық бақылау нәтижесінде ChatGPT әзірлеушісі мен AliExpress маркетплейсі бюджетке қомақты көлемде қосымша салық аударды, деп хабарлайды «24KZ».
Мемлекеттік кірістер комитетінің Цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Әділовтің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 77 шетелдік интернет-платформаның салық міндеттемелерін орындауына қатысты мәселелер анықталған. Олардың бір бөлігі Қазақстанда шартты тіркеуден өтпеген болса, енді бірінде қазақстандық пайдаланушылар жасаған төлемдер көлемі мен төленген қосылған құн салығы (ҚҚС) арасында айырмашылықтар табылған.
Камералдық бақылау нәтижесінде бірқатар компанияға хабарлама жолданып, соның негізінде қосымша төлемдер өндірілген.
«Егер ірі сомалар туралы айтатын болсақ, ChatGPT платформасы 2025 жылы төленбеген салықтар бойынша 1,8 миллиард теңге көлемінде қосымша төлем жасады. Ал AliExpress Қазақстан бюджетіне 600 млн теңгеден астам сома аударды», – деді Талғат Әділов.
Оның сөзінше, мұндай жағдайлардың туындауына түрлі себеп әсер етеді. Кейбір компаниялар Қазақстан заңнамасындағы талаптардан хабарсыз болса, кей жағдайда төлемдердің Қазақстан аумағынан түскені ескерілмей қалады. Мұндай кезде салық органдары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, банктерден алынған мәліметтер негізінде төлемдерді нақтылайды.
Қазіргі таңда Қазақстанда 131 шетелдік интернет-компания шартты тіркеуде тұр. Ірі салық төлеушілердің қатарында Apple, Google және Valve компаниялары бар.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #ChatGPT #салық #кірістерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz