RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

40 жыл еңбек өтілі барлар үшін зейнет жасы өзгеруі мүмкін бе?

19.06.2026, 12:40 70

 Қазақстанда зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту және азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру бағытында жаңа ұсыныстар қарастырылып жатыр. Бұл мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған арнайы жұмыс тобының отырысында талқыланды, деп хабарлайды «24KZ».

Кеңейтілген жиынға мемлекеттік органдармен қатар сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар және сала мамандары қатысты. Талқылауда зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қатысты бірнеше тұжырымдамалық тәсілдер ұсынылды.

Олардың ішінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры ұсынған жаңа модель бар. Ол еңбек өтілі мен табыс деңгейін ескеретін әлеуметтік төлем жүйесін енгізуді көздейді. Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл төлемдердің тұрақтылығын арттырып, тәуекелдерді азайтуы мүмкін.

Сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс беруші жарналарының бір бөлігін жеке шотқа, ал бір бөлігін ортақ сақтандыру жүйесіне бағыттауды ұсынды. Бұл өзгеріс азаматтарға өмір бойы тұрақты төлем алуға мүмкіндік беруі ықтимал.

Бұдан бөлек, 40 жыл еңбек өтілі бар азаматтарға зейнетке шығу уақытын икемді ету туралы ұсыныс та талқылануда. Бұл әсіресе ұзақ жылдар еңбек еткен бюджет саласы қызметкерлеріне қатысты болуы мүмкін.

Жұмыс тобының жұмысына белгілі сарапшылар да қатысып отыр. Олардың қатарында Әлихан Байменов, Болат Жәмішев, Ораз Жандосов және Елена Бахмутова бар.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, барлық ұсыныстар әзірге талқылау деңгейінде және түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Негізгі мақсат – қаржылық тұрғыдан тұрақты әрі әлеуметтік әділетті зейнетақы жүйесін қалыптастыру.

Айта кетейік, елде зейнетақы жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар өзгерістер қазірдің өзінде іске асырылып жатыр. 2026 жылдан бастап базалық және ынтымақты зейнетақы 10%-ға индекстелмек. Ал базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері кезең-кезеңімен артып, 2027 жылы күнкөріс деңгейінің 120%-ына дейін жетеді.

Сонымен қатар жұмыс берушілердің зейнетақы жарналары да біртіндеп ұлғайып, 2028 жылға қарай 5%-ға дейін көтеріледі.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz