Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін күшейту үшін Әзербайжан және Грузия елдерімен бірге бірыңғай ұзақмерзімді тариф моделін енгізу мәселесі пысықталып жатыр.
Одан бөлек, каспий Каспий теңізіндегі жүк кемелері флотын кеңейту, Әзербайжанмен бірлесіп теңіз табанын тереңдету жобалары қолға алынды. Құрық портын жаңғырту секілді негізгі инфрақұрылымдық жобалар да іске асып жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Mediterranean Shipping Company аға вице-президенті Эдуард Зигристің кездесуінде айтылды.
Тараптар көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Жүк айналымын арттыруға септігін тигізетін контейнерлерді көбейтуге ерекше назар аударылды. Президент контейнерлік тасымалдау бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі саналатын компанияның Қазақстан нарығындағы қызметіне жоғары баға беріп, бүгінде Орта дәлізді дамыту еліміз үшін стратегиялық басымдық саналатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы компанияның Каспий жағалауындағы порт инфрақұрылымына инвестиция салуға қызығушылығын құптап, мұндай жобалар аталған бағыттың бәсекеге қабілеттігін елеулі түрде арттыратынын, Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы көлемінің өсіміне ықпал ететінін айтты.
Тегтер #MSC #орта дәліз #транскаспий #Әзербайжан #Грузия #тариф #Каспий теңізіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz