Ветеринария саласы цифрлық жүйеге көшеді. Енді мал еті қасапханадан шығып, дүкен сөресіне жеткенге дейін цифрлық бақылауда болады. Сонымен қатар зертханалар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіле бастайды.
Мал еті қасапханадан дүкен сөресіне жеткенге дейін цифрлық бақылауда болады. Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринария саласын цифрландыруға басымдық беріп жатыр. Жаңа жобалар бесжылдық кешенді жоспар аясында жүзеге асырылады. Бұған дейін бірнеше электронды жүйе қолданысқа енгізілгені белгілі. Олар төрт түлікті есепке алу, зерттеу және мониторинг жүргізуге арналған. Енді бұл платформалардың аясын кеңейтіп, ет сапасын қатаң қадағалау көзделіп отыр. Мамандарының айтуынша, қасапханаларда мал сойылмас бұрын ветеринариялық-санитариялық сараптау жүйесі арқылы анықтама беріледі. Сатушылар өнімді дәл сол құжат негізінде қабылдауы керек. Анықтаманы тұтынушылар да талап ете алады. «Бұл бастама ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігімен қатар, экспорт әлеуетін арттыруға да ықпал етеді», - дейді сала басшысы.
Тасқын Қызайбаев, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары:
- Еуроодақтың қойып отырған талаптары – осы мал алаңынан сөреге дейінгі цифрландыру бағдарламасы түгел ашық болуы, қауіпсіз өнімдердің шығарылатынына көз жеткізу. Сондықтан осының аясында антибиотиктер деп айтамыз, мал сою алаңдарында көптеген антибиотик қолданылады, солардың барлығына рецептімен ғана жіберу ветаптекалардан көзделген заң аясында. Енді осы кешенді жоспар аясында біздің тарапымыздан ветеринария туралы заңға өзгерістер енгізіліп жатыр.
Зертханаларды жаңартуға ₸5,5 млрд жұмсалады
Сонымен қатар шекарада ветеринариялық бақылау күшейеді. Өйткені ішкі нарықтағы мал шаруашылығы өнімдерінің кейбір бөлігі шетелден сатып алынады. Ал олардың сапасын толық тексеру үшін отандық зертханалардың әлеуеті әлі жеткіліксіз. Сондықтан таяуда қабылданған кешенді жоспарға сәйкес, саланың материалдық-техникалық базасын жаңарту міндеті қойылды. Былтыр бұл бағытқа Үкімет резервінен 3,8 млрд теңге жұмсалған. Оған 9 заманауи кешен сатып алынды. Ал биыл қаражат еселенеді. Министрліктің мәліметіне қарағанда, 5 жарым млрд теңге қарастырылып отыр.
Тасқын Қызайбаев, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары:
- 54 құрал-жабдық сатып алу көзделіп отыр. Мұның барлығы тамақ қауіпсіздігі зертханаларын күшейтеді. Өзіміздің өндіріп жатқан өніміміз бар, сырттан кіріп жатқан мал өнімдер бар, сапасыз өнімдердің қолданылмауына, тұтынылмауына тосқауыл қояды деген ойдамыз.
Құс етінің 22 пайызы импортқа тиесілі
Нарықта тауық етіне де сұраныс жоғары. Бүгінгі таңда елде 70-ке жуық құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Онда жыл сайын 4 жарым млрд дана жұмыртқа мен 500 мың тоннадан астам ет өндіріледі. Кәсіпорындар ішкі нарықтың жұмыртқаға деген сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр. Ал құс етімен қамту деңгейі 78 пайыз шамасында ғана. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2030 жылға дейін импортқа тәуелділіктен толық арылу міндеті қойылғанын мәлімдеді. Осы мақсатта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртылады және жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылады. Тауарөндірушілер үшін 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 10 жылға дейін жеңілдетілген несие беріледі.
Сондай-ақ демеу-қаржы қарастырылған. Биыл ет бағытындағы құс шаруашылығын дамытуға 28 млрд теңге субсидия бөлінеді. Бұдан бөлек, балапандар мен асыл тұқымды жұмыртқаларды сатып алу шығындарын арзандату үшін 1 млрд теңге жұмсалады.
Қытайға құс еті экспортталады
Құс шаруашылығы өнімдері экспортқа да бағытталады. Әсіресе, Еуразиялық экономикалық одақ елдері, Әзербайжан, Моңғолия және Катарға сатылып жатыр. Қытайға құс етін экспорттау жөніндегі хаттамаға қол қойылуы да маңызды қадам болды. Қазір отандық құс фабрикаларын Қытайға экспорттаушылар тізіліміне енгізу жұмыстары жүріп жатыр.
Тегтер #ет #мал еті #қасапхана #дүкен #зертхана #ветеринарияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz